
2022 жылдан кейін түбегейлі өзгерген Ресей автомобиль нарығы тағы бір жаңа кезеңге қадам басқалы тұр. РФ ақпарат құралдарының мәліметінше, бірден он қытайлық бренд Ресейден кетуді жоспарлап отыр. Оған шығындардың артуы, бәсекенің күшеюі және утилизациялық алымның өсуі себеп болған. Өзгеріс Kaiyi, BAIC, SWM, Dongfeng, Jetta, Bestune, Wey, Rox, Oting және VGV маркаларына қатысты.
Сарапшылардың бағалауынша, бұл брендтердің Ресейдегі сатылымы мардымсыз. Кей жағдайда жылына 3000 автокөліктен де аспаған. Нарықтағы ірі ойыншылардың үлесі артып, міндетті төлемдер көлемі өскен сайын олардың бизнес-модельдері тиімсіздігін көрсетіп отыр.
Үміт үзілді ме?
2022-2023 жылдары Ресейден санция тәуекелдеріне байланысты батыс, жапон, корей өндірушілері кете бастады. Осыдан кейін нарықтағы бос орынды қытайлық автоконцерндер ала бастады. 146 млн халқы бар әлемдегі ірі экономикалардың бірі Ресей Қытай автоөндірісі үшін маңызды экспорттық бағыттардың біріне айналды.
Алайда алғашқы қарқынды өсім ұзаққа созылмады. Haval, Chery және Geely секілді ірі брендтер нарықта орнығып үлгерсе, «екінші эшелондағы» компаниялар бірқатар қиындықтарға тап болды. Брендтің танымалдығы арта қойған жоқ, дилерлік желілері шектеулі болды, сервис пен қосалқы бөлшектер мәселесі де күрделене түсті, қайталама нарықтағы сұраныс төмендеп, логистикалық шығындар өсті. Маржа азайған жағдайда сұраныстың шамалы ғана құбылуының өзі компаниялар үшін қауіпті бола бастады.
Утильалымы қысымды күшейтті
Бизнесті қиындатқан тағы бір маңызды фактор – утилизациялық алымның өсуі. Бұл шара тікелей импортталатын автокөліктердің соңғы бағасын айтарлықтай қымбаттата түсті. Сатылым көлемінің төмендігі шағын брендтер үшін басты мәселе болды.
Қытайлық кейбір маркалардың кетуі мүмкін деген ақпарат аясында басқа брендтердің параллель импорты күшейіп келеді.
Reuters агенттігі «Автостат» деректеріне сүйене отырып, 2023 жылдан бері Қытайда өндіріліп, кейін Ресейге экспортталатын автокөліктер саны екі есеге артқанын хабарлады. Әңгіме мыңдаған көлік туралы болып отыр. Олардың қатарында көбіне Toyota, BMW, Kia, Mercedes-Benz және басқа да танымал брендтер бар.
Яғни Қытай зауыттары бүгінде тек жергілікті брендтерге ғана емес, жаһандық автогиганттар үшін де өндірістік базаға айналып отыр. Ал бұл көліктер ресейлік сатып алушыларға жақсы таныс болғандықтан, бәсекені одан әрі күшейтуде.
Неге шағын брендтер зардап шегуде?
Сарапшылар бірнеше негізгі себепті атап өтті:
- Бастапқы сұраныстың төмендігі. Жылына 3000-нан аз көлік сату бизнесті тиімді жүргізуге мүмкіндік бермейді.
- Қытайлық брендтер арасындағы ішкі бәсеке. Нарықта жетекші ойыншылар басымдыққа ие болып үлгерді.
- Параллель импорт қысымы. Тұтынушылар көбіне бағасы жоғары болса да, таныс брендтерді таңдайды.
- Шығындардың өсуі. Утильалымы, логистика және валюта бағамының құбылуы.
Нәтижесінде дилерлік желіні ұстап тұру мен маркетингтік шығындарды жабу көптеген компания үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз бола бастады.
Алда не күтіп тұр?
Егер бұл брендтер шынымен нарықтан кетсе, Ресей автонарығында тағы бір бірігу кезеңі басталады. Соңғы жылдары нарық айтарлықтай «қытайланса» да, алдағы уақытта ұсынылатын маркалар саны қысқарып, ірі ойыншылардың позициясы нығая түсуі ықтимал.
Бұл тұтынушылар үшін таңдау мүмкіндігі азаяды, сирек модельдерге қызмет көрсету қиындайды, нарық көшбасшыларының ықпалы артады дегенді білдіреді.
Бір ерекшелігі, кейбір қытайлық брендтер кетсе де, Ресей нарығының оларға тәуелділігі азаймайды. Керісінше күшеюі мүмкін – әрі қытайлық маркалар арқылы, әрі Қытайда өндіріліп, экспортталатын жаһандық брендтер арқылы.
Еске сала кетсек, Қазақстан Қытай көліктерін ең көп импорттайтын он елдің қатарына енген еді. Аталған елден авто экспорты бойынша 2025 жылғы нәтижелерге назар аударсақ Мексика, Ресей, БАӘ көп бастап тұр.