Жаңалықтар

Алматыдағы алғашқы ЛРТ желісі қашан пайдалануға беріледі

фото: Алматы әкімдігі

Алматыдағы алғашқы ЛРТ желісінің құрылысы 2027 жылы басталып, 2029 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір жобаның құжаты ашық талқылауда жатыр.

Құжатта көрсетілгендей, депо Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, ЖЭО-2 аумағының шығысында, Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аралығында орналасады.

Ал ЛРТ маршруты Бауыржан Момышұлы көшесімен оңтүстікке қарай Төле би көшесіне дейін созылып, одан әрі Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жалғасады. Кейін солтүстікке бұрылып, Абылай хан даңғылы арқылы «Алматы-2» теміржол вокзалына жетеді. Соңғы аялдама «Райымбек батыр» көлік-ауыстыру торабында орналаспақ.

Болашақта желінің екінші кезеңін салу жоспарланған. Ол «Барлық» көлік-ауыстыру торабынан Бауыржан Момышұлы көшесіне дейінгі учаскені, сондай-ақ «Алматы-2» вокзалынан «Шығыс қақпасы» көлік-ауыстыру торабын байланыстырады.

Жалпы ЛРТ желісі 18,3 шақырым болатын екі жолақты бағыттан тұрады. Ол Дарабоз, 13, Ғажайып, Нұркент шағынаудандары мен «Алатау сити», «Алмалы» тұрғын кешендерін қаланың орталық бөлігімен байланыстыруы керек.

Желінің құрамында 34 трамвай платформасы қарастырылған, оның ішінде 12-сі орталық типте, ал 22-сі бүйірлік типте болады.

Алматыдағы ЛРТ жобасы елдегі ең ұзаққа созылған жобаның бірі. Алғаш ол туралы 80 жылдары айтылған, бірақ сол уақыттан бері тек қағаз жүзінде қалып келді. Тек 2019 және 2024 жылдары көтерілген, бірақ құжаты нақты дайын болмады.

Осы жылы ғана белгілі бір мерзім айтыла бастады.

Айта кетейік, Астанада да ЛРТ ашылып, осы жылы жазда іске қосылуы керек.