
Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы Яна Легкодимованы өлтіру туралы іс бойынша үкімге қатысты шағымдарды қарады, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Қарау нәтижелері бойынша бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.
«Сот алқасы істің материалдарын зерттеп, тараптардың дәлелдерін тыңдап, үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз таппады. Жаза тиісті баптардың санкциялары шегінде тағайындалды, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларын бұзуға жол берілмеді, азаматтық талап дұрыс шешілді», – делінген сот хабарламасында.
Бұған дейін Яна Легкодимованы өлтіргені үшін сотталғандар мен олардың адвокаттары өткен қарашада шығарған сот үкіміне апелляциялық шағым түсіргені белгілі болды. Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимовқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Іс материалдарына сәйкес, олар 2024 жылдың қазан айында қызбен кездесіп, оны өлтіргеннен кейін марқұмның денесі мен телефонын өзенге лақтырған.