
Шымбұлақ тау-шаңғы курорты әкімшілігі 25 ақпан 2026 жылы қар көшкінінің алдын алу мақсатында жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлады. Осыған байланысты канат жолдары мен кейбір шаңғы трассаларының жұмыс режимі уақытша өзгереді.
Мәліметке сәйкес, 24 ақпанда тауда жауған қалың қар мен ауа температурасының тұрақсыздығына байланысты қар жамылғысы әлсіреген. Осы себепті 25 ақпан күні таңертең мәжбүрлі қар түсіру (профилактикалық көшкін) жұмыстары басталады.
Қауіпті аймақтар қатарында «Эдельвейс», «Конус» және «Школьник» учаскелері бар. Аталған аумақтарда қауіпсіздік шаралары толық аяқталғанға дейін шектеу қойылады.
Сондай-ақ әкімшілік канат жолдарының, соның ішінде K-2 арқан жолының іске қосылуы жұмыстар толық аяқталып, қауіпсіздік қамтамасыз етілгенге дейін кешіктірілуі мүмкін екенін ескертті.
Курорт өкілдері демалушыларға арнайы белгіленген трассалардан шықпауға шақырды.
«Құрметті райдерлер, тек рұқсат етілген бағыттарда ғана сырғанауларыңызды сұраймыз. Қауіпсіздік – басты назарда», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 21 ақпан күні Алматыда қатты жел соғып, «Шымбұлақта» фуникулер шайқалып, «Медеуде» ағаштар құлаған еді.