Жаңалықтар

Смартфон ғарыштық технология болып шықты

Кейін бұл технология коммерцияланып, миллиардтаған құрылғыға енгізілді / фото: ЖИ
Кейін бұл технология коммерцияланып, миллиардтаған құрылғыға енгізілді / фото: ЖИ

Ғарышқа арналған технология бүгінде күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Айталық смартфондар – осының нақты айғағы.

АҚШ-тың Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы (NASA) осындай мәлімет жариялады.

Оған қарағанда, 1980-90 жылдары NASA-ның NASA Jet Propulsion Laboratory (JPL) зертханасында ғарыш миссиялары үшін жоғары сапалы сурет түсіретін камера жасау жұмыстары жүргізілген.

Сурет сапасын жақсартқан ғалым

Сол жерде доктор Эрик Фоссум жаңа буындағы CMOS-сенсорды (чиптегі камера) жетілдірген. Сөйтіп, алғашқы белсенді пиксельді CMOS кескін датчигін жасап шығарды. Бұған дейін негізінен CCD технологиясы қолданылып келген. Бірақ ол көп энергия тұтынады әрі күрделі болған.

Фоссум CCD-дегі шуды азайту әдісін CMOS-қа бейімдеп, сурет сапасын айтарлықтай жақсартты. Соның нәтижесінде энергияны аз қажет ететін, арзанырақ әрі тиімді сенсор пайда болды. Кейін бұл технология коммерцияланып, миллиардтаған құрылғыға енгізілді.

7 миллиардқа жуық CMOS-сенсор

Бүгінде CMOS-сенсорлар смартфон камераларында, веб-камераларда, автокөліктерде, бейнебақылау жүйелерінде, өндірістік және медициналық құрылғыларда кеңінен қолданылады. Қазіргі таңда жыл сайын шамамен 7 миллиардқа жуық CMOS-сенсор өндіріледі.

Бұл технология тек тұрмыста емес, ғарыш саласында да қолданылады. Мысалы, NASA-ның Perseverance атты Марста жүретін аппаратында, Parker Solar Probe миссиясында және Europa Clipper жобасында CMOS-камералар пайдаланылады.

Бүкіл адамзаттың өмірін өзгертті

2026 жылы АҚШ Ұлттық инженерлік академиясы доктор Фоссумды инженерия саласындағы беделді Чарльз Старк Дрейпер сыйлығымен марапаттады. Оның «чиптегі камера» технологиясы ғылымға ғана емес, бүкіл адамзаттың күнделікті өміріне зор әсер етіп отыр.

Мұның алдында NASA көзге көрінбейтін нәрселерді түсіре алатын камера шығарғаны туралы ақпарат тарады.