
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстандағы қоныс колонияларында жазасын өтеп жатқандарға не себепті мекеме аумағынан тыс жерде смартфон ұстауға рұқсат берілгелі жатқанын түсіндірді.
Әділов ұсынылып отырған шара тек қауіпсіздігі мейлінше төмен мекемелердегі сотталғандарға қатысты екенін айтты.
«Смартфондарды тек қоныс колониясында жазасын өтеп, еңбек қызметін атқарып жүргендер, мысалы, құрылыс нысандарында жұмыс істейтіндер пайдаланады. Ол жерде олар мекеме өкілдерімен байланыста бола алады. Телефондарды кез келген заңсыз пайдалану қатаң түрде бақылауда болады», – деді Әділов Мәжілістегі брифингте.
Жаңашылдықтардың қатарында тәртібі жақсы деген сотталушылар үшін «тыныштық сағаты» бар. Сондай-ақ терминалдар арқылы кездесуге немесе қалаға шығуға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
ІІМ бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Қауіпсіздігі ең төмен мекемелерде (қоныс колонияларында) абайсызда жасалған қылмыстар үшін сотталғандар, сондай-ақ алғаш рет жеңіл дәрежедегі қылмыс жасаған адамдар жазасын өтейді.
Мұндай оқшаулау деңгейі төмен мекемелер сотталғандарға азаматтық киім киюге, отбасымен бірге тұруға, мекеме аумағынан тыс жерде жұмыс істеуге және басқа да мүмкіндіктерге рұқсат береді.