
Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау мерзімін жариялады.
Бағдарламаға қатысуға өтінім қабылдау 10 наурыздан басталып, 31 наурызға дейін жалғасады.
«Құжаттарыңызды алдын ала дайындап, мүмкіндіктеріңізді есептеп, 10 наурызды өз үйіңізге бастайтын жеке старт күні ретінде белгілеңіз», – деп хабарлады Отбасы банк.
Бағдарлама шарттары
Бағдарламаға соңғы бес жылда өз атында баспанасы болмаған азаматтар қатыса алады.
Үміткердің ресми табысы болуы, соңғы алты айдағы зейнетақы жарнасы және «Отбасы банкінде» кемінде 2 млн теңге жинағы болуға тиіс.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін мөлшерлеме – 7%, ал қалғандары үшін – 9%. Бастапқы жарна таза әрлеудегі үйге 10%, қарапайым күйдегі пәтерге 20% болады.
Алматы мен Астанада несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі. Несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Азаматтар «Наурыз» бағдарламасының инвесторы бола алады
Сондай-ақ қазақстандықтар «Наурыз» бағдарламасының инвесторлары бола алады. Отбасы банк облигацияларды KASE алаңында орналастыру күнін жариялады.
«2026 жылғы 12 наурызда KASE алаңында Отбасы банкінің әлеуметтік облигацияларын орналастыру бойынша мамандандырылған сауда-саттық өтеді. Оның қорытындысы бойынша банк «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларды несиелендіру үшін 200 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр», – делінген хабарламада.
Бір облигацияның номиналдық құны 1000 теңге болады. Бағалы қағаздарды орналастыру жоспарланып отырған мөлшерлеме шамамен жылдық 17,5%-ды құрайды.
Облигациялардың айналым мерзімі – 5 жыл. Купондық төлемдер жылына 2 рет жүзеге асырылады. Бұл инвесторлар өз салымдары бойынша пайыздық табысты жылына екі рет алады дегенді білдіреді.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлға инвесторлар үшін банк облигацияларын сатып алудың басты артықшылықтарының бірі – облигациялар бойынша сыйақы алған кезде салық салынбайды. Яғни, алынған табысқа салық төлеудің қажеті жоқ.
Бұл Отбасы банк ҚР қаржы агенттіктері тізбесіне енгізілгеніне, сондай-ақ облигациялардың KASE-нің ресми тізіміне енгізілуіне байланысты.
«Биылдан бастап азаматтарымыз бағдарламаға қатысып қана қоймай, оның инвесторы да бола алады. Біз ішкі үдерістерді жетілдірдік, енді заңды тұлғалармен қатар жеке тұлғалар да облигациялар пакетін сатып ала алады. Бұл қарапайым қазақстандықтарға өз қаражатын сақтап қана қоймай, көбейтуге, сондай-ақ ерекше мұқтаж жандарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді маңызды әлеуметтік міндетті шешуге үлес қосуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Отбасы банк облигацияларын жеке тұлғалар бокерлік компаниялар және олардың мобильді қосымшалары арқылы сатып ала алады: Alatau City Invest, bcc.kz, Halyk Finance.
Ол үшін аталған брокерлердің мобильді қосымшаларында (егер жоқ болса) шот ашып, сатып алу үшін шотты толықтырып, Отбасы банк облигацияларын сатып алуға өтінім беру қажет. Әдетте бұл 2026 жылғы 12 наурызға дейін алдын ала жүзеге асырылады. Өтінім берудің нақты соңғы күнін брокерден нақтылаған жөн.
Заңды тұлғалар да өз брокерлерінің қызметтерін пайдалану арқылы облигацияларды сатып ала алады.