Жаңалықтар

«Elorda Eco System» жұмысшылары жалақы мен сыйақыға қатысты наразылық білдірді

Астанада «Elorda Eco System» жұмысшылары жалақы мен сыйақыға қатысты наразылық білдірді / Фото: Жасанды интеллект

Астанада «Elorda Eco System» коммуналдық кәсіпорнының жұмысшылары еңбекақы деңгейі мен төлем шарттарына байланысты наразылық ұйымдастырды, деп хабарлады қала әкімдігі.

Оқиға 17 наурызда таңғы сағат 7:30 шамасында Байқоңыр ауданындағы Жетіген көшесі, 24 мекенжайында орналасқан кәсіпорын аумағында болған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға орнына 60-70 жуық жұмысшы жиналып, жалақыны көтеру туралы талап қойған. Олардың айтуынша, қазіргі еңбекақы атқарылатын жұмыстың көлемі мен жағдайына сәйкес келмейді, сондықтан оны шамамен екі есеге арттыруды ұсынған. Сондай-ақ, қызметкерлер үстеме жұмыс уақыты мен сыйақының (премия) төленбеуі мәселесін көтерді.

Астана қаласы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Абай Еркінов атап өткендей, кәсіпорынның бас директоры ұжыммен кездесу өткізді. Кездесу барысында сыйақыларды аптаның соңына дейін төлеу жоспарланып отырғаны, ал жалақыны көтеру мәселесі жақын арада қаралатыны хабарланды.

«Кәсіпорын басшылығының түсіндірмесінен кейін кейбір жұмысшылар орындарында қалып, қойылған талаптарын орындауды талап ете берді», — деді ол.

Астананың коммуналдық шаруашылық басқармасы нақтылағандай, қызметкерлердің бір бөлігі жұмыс процесін бұзып, басқа жұмысшылардың қызметіне кедергі келтірген. Әкімдік пен еңбек инспекциясы тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, кейбір қатысушылар өз талаптарын конструктивті емес нысанда білдіруді жалғастырған.

Жұмысшылармен әңгімелесу барысында уәкілетті орган өкілдері еңбек тәртібінің бұзылуына да назар аударды.

«Оларға жұмыс орнында үш сағаттан астам уақыт бойы болмағаны, яғни өздерінің тікелей функционалдық міндеттерін атқармағаны түсіндірілді», – деп атап өтті Абай Еркінов.

Сонымен қатар, бұл іс-әрекеттер белгіленген тәртіппен келісілмегендіктен, қатысушыларға бейбіт жиналыстар туралы заңнама талаптары ескертілді. Әкімдіктің ақпараты бойынша, жекелеген жағдайларда қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген, соған байланысты құқық қорғау органдары шаралар қабылдаған. Бұған дейін жұмысшылардың бір бөлігін күштік құрылым өкілдері алып кеткені хабарланған болатын.

Еңбек инспекциясы қатысушылардың іс-әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен баға берілетінін баса айтты.

«Бағаны сот органдары береді. Мәселе бақылауда», – деп толықтырды Абай Еркінов.

Әкімдік жағдайдың уәкілетті органдардың бақылауында екеніне сендірді.