Қоғам

Жанабыловтар ісі: судья прокурорға ескерту жасады

Олжас Хайруллаевқа ескерту жасалды/фото: Айгерім Таубай

Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 18 наурызындағы сот отырысында сотталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова судьядан істегі мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаевқа ескерту жасауын сұрады.

Бұған дейінгі сот отырысында прокурор Хайруллаев журналистердің сұрақтарына жауап берген еді. Ол жерде Жанабыловтарды жеті жылға дейінгі мерзімге соттау, миллиардаған айыппұл төлеу туралы айтылған. Сондай-ақ блогерлер тұрып жатқан жылжымайтын мүлікке арест қойылмағанын мәлімдеген.

«Прокурор журналистердің жылжымайтын мүлікке тыйым салу мәселесіне қатысты сұрағына «қылмыстық іс материалдары бойынша айыпталушылардың атына жылжымайтын мүлік тіркелмеген. Сондықтан оған тыйым салынбаған» деп жауап берген.

Алайда Қаржылық мониторинг агенттігінің 2025 жылдың 13 қазандағы қаулысына сәйкес, қазір менің қорғауымдағы азаматтар тұрып жатқан, олардың атына тіркелген тұрғын үйге тыйым салынған», – деді адвокат Гаухар Айтжанова.

Айтуынша, осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желіде блогерлердің «мүлікті жасырып қалғаны» туралы пікір тараған.

«Осыған байланысты соттан осы мән-жайларға назар аударуды, оларға тиісті құқықтық баға беруді, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушыға қылмыстық заң нормаларын және іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс түсіндірмеуге жол бермеу туралы ескерту жасауды сұраймын», – деді адвокат.

Прокурор Олжас Хайруллаев айыппұлға қатысты бастапқыда берген ақпаратын кейін түзеткенін айтты.

Қылмыстық істі қарап жатқан судья Әділбек Баймаханов осы жағдайдан кейін прокурор Хайруллаевқа ескерту жасады.

Істің мән-жайы

2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды. 

Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды. 

Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.