Жұлдыз туған күнінде жабырқап, жаратқанға жалбарынды

Жарияланды 14 Сәуір 2026 11:08

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Жұлдыз Әбдікәрімова / фото: Instagram
Жұлдыз Әбдікәрімова / фото: Instagram

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова бүгін 38 жасқа толды. Ол бұл өмірдегі әр күнін есептеп, 13 879 таң атырғанын жазды.

Туған күнін дүркіретіп өткізуден бас тартып отыр. Оның себебін былай түсіндірді:

«Дүркіретіп тойласам да жарасар еді. Бірақ күйім бөлек болып тұрғаны. Артыма қарап, өткен өмірге шолу жасап, өзге түгіл өз алдымда есеп бергім келмейді. Пайдасы не? Өткендегінің ештеңесін өзгерте алмаймын! Болашаққа мың сан жоспар болғанымен, адамның басы Алланың добы ғой, не дайындағанын кім білген? Демек уысымда бүгінім ғана бар», – деп жазды актриса.

Жұлдыз Әбдікәрімова бұл өмірдегі өз орны туралы қысқаша пікір білдірген.
«Осы жасқа жеткенше ата-анама – бала, бауырларыма – жанашыр, ата-енеме – келін, жолдасыма – жар, балаларыма – ана, құрбыларыма – дос, әріптестеріме маман болуға тырысып келеді екенмін. Қайсысын мінсіз орындап жатқанымды білмеймін. Оларға аян», – дейді ол.

Актриса алдына қойған арман, мақсат, межесі бар екенін айтты.  Алдағы уақытта «өлердей жақсы көретін» театр саласында еңбектенуді қалайды.

«Қолдан не келерін, шығар биігімнің тау әлде төмпешек боларын, алар асуымның межесі қай биікке жетерін әзірге білмеймін. Тек Оған тәуекел еттім! Бір анығы, жүрек соны қалайды, ниет еттім. Өзіңе тура баста», – деп Құдаймен тілдескендей жазба қалдырды.

Мұның алдында Жұлдыз Әбдікәрімова айнадағы бейнесімен сөйлескен еді.

Сондай-ақ оқыңыз