
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Мәжіліс кулуарында «Еуразиялық банк» төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді.
Айтуынша, агенттік 2025 жылы «Еуразиялық банкке» иелік ететін «Еуразиялық қаржы компаниясы» ішіндегі дауға қатысты тексеру жүргізген.
«Тексеру нәтижесінде «Еуразиялық қаржы компаниясының» корпоративтік басқару жүйесінде кемшіліктер анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша қадағалау шараларының жоспарын бекіттік. Қазір компания кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдап жатыр», – деді Қизатов.
Айтуынша, акционерлердің жаңа құрамы бекітілген. Александр Машкевичтің әйелі мен қыздары «Еуразиялық банктің» жанама ірі қатысушылары мәртебесін алған.
«Қазір «Еуразиялық банк» пен «Еуразиялық қаржы компаниясы» акционерлерінің құрамы толық қалыптасты. Жақын арада компания ішіндегі дауларды жойылады деп үміттенеміз», – деді Қизатов.
Бұған дейін Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) акционерлері арасындағы корпоративтік дауға нүкте қойды. Бұл қаржы компаниясының құрамына «Еуразиялық банк» пен «Еуразия» сақтандыру компаниясы кіреді. Сот бизнесмен Шухрат Ибрагимовтың ЕҚК-ға қарсы талабын қанағаттандырып, компанияны директорлар кеңесінің 2025 жылғы 2 маусым мен 30 шілдедегі шешімдерін орындауға міндеттеді.