Жаңалықтар

«Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын»: Мұхтар Шаханов несімен есте қалды?

фото: ашық дереккөзден

20 сәуірге қараған түні қазақ руханияты орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, әйгілі ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарына аттанды. Ол тек қазақ әдебиетінда қалдырған мұрасымен ғана емес,  ұлттық мүдде мен демократиялық құндылықтардың ымырасыз қорғаушысы ретінде тарихқа енді. Kursiv Media ақынның жарқын бейнесін еске ала отырып, қазақ қоғамының қалыптасуына әсер еткен ең батыл қадамдарын тізеді.

Ақын, жазушы, саясаткер

Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгір ауданында дүниеге келген. Шымкент педагогикалық институтын бітіреді.

«Оңтүстік Қазақстан» «Лениншіл жас» газеттерінде жұмыс істеді, «Жалын» журналының бас редакторы болды.

Алғашқы өлең жинағы 24 жасында жарық көрген. Оның «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралды. Шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылған.

Мұхтар Шаханов тек әдебиетте із қалдырған жоқ, белсенді түрде саясатпен айналысты.

1980-90 жылдары КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ҚР-ның Халық депутаты болды. 1993-2003 жж. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінде жүрді. Кейін тағы 2004-2007 жылдары мәжіліс депутаты атанды.

Желтоқсан ақиқатын айтуы

1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы көпке дейін «ұлтшылардар мен нашақорлардың бұзақылығы» ретінде таныстырылып келді. Үш күндегі қанды қырғын жайлы ақиқатты айтуды талап еткен, бұл мәселені Мәскеудегі депутаттар сьезінде алғаш көтерген – Мұхтар Шаханов еді.

1989 жылы 6 маусымда өткен жиында ол «Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының шынайы себебін анықтау» туралы мәселе көтереді. Кейін 1986 жылғы 17–18 желтоқсандағы Алматы оқиғаларын зерттеу жөніндегі комиссия құрылып, Мұхтар Шаханов төрағаларының бірі болды. Кей деректерге сүйенсек, комиссия жұмысына жан-жақты кедергі жасап, оның мүшелеріне де қоқан-лоққы көрсеткен.

Бірақ ол жұмыс нәтижесі болмады. 1990 жылдың қаңтарында Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Алматы оқиғаларына байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия» құрылды. Сотталған «желтоқсандықтардың» ісі қайта қаралып, 322 адам қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталып, босатылды.

Арал апатын жариялауы

Шаханов Желтоқсан оқиғасымен қатар Арал апатын да үлкен мінберден айтып, оның халықаралық деңгейдегі мәселе екенін көтере білді.

1987 жылы ақынның түрткі болуымен Балқаш, Арал және Қазақстан экологиясы мәселелері бойынша арнайы комитет құрылды. 1989 жылы Шахановтың «Арал және біздің адамгершілігіміз» атты мақаласы жарық көрді. Ол өзге ғалымдардың зерттеуін негізге ала отырып, тартылған теңізден көтерілген тұз бен шаңның экологияға зияны туралы мәселені атап өтті.

Ол Аралдың тартылуын жай ғана табиғи құбылыс емес, «планеталық қасірет» деп бағалады.

«Бұл өлке қалайша болады азап түнегі,
Ежелгі мұң – зарың аз ба еді, қазақтың елі?
Қайтемін, Аралым, бүгінде қалды сүлдерің,
Төзімі еліне ұқсаған көнбісім менің», – деп, ақын «Арал қасіреті» деген өлеңін жазған.

Наурыздың қайта оралуы

Бүгінде түркі халықтары жаппай тойлайтын Наурыз мерекесіне кеңес билігі «дін қалдығы» деген желеумен тыйым салған еді. 62 жыл бойы ұлттық мейрам ескінің сарқыншағы ретінде қабылданып келлі. Сексенінші жылдардың соңына қарай мерекені қайта тірілуі туралы әңгіме көтеріле бастайды.

«1988 жылы мен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге хат жазып, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді сұрадым. Егер сіз Наурыз мерекесін тірілтіп берсеңіз, бүкіл қазақ сізге басқаша көзбен қарайтын болады деп едім, Колбиннің көзі жайнап кетті.«Ендеше мен Горбачевті қалай болғанда да көндіремін, Наурыз мерекесін тойлайық” деді”, – дейді Мұхтар Шахановтың өзі естелігінде. Оның ұсынысын Колбин Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бюросында қарап, сол кездегі Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков үлкен қолдау білдіреді.

1988 жылы Наурыз тұңғыш рет Алматының Максим Горький атындағы орталық саябағында тойланады. Кей естелікке сүйенсек, ұлттық мерекесін сағынған халық Наурызды қыркүйекке дейін мерекелеген көрінеді. Ал келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан республикалары мен Ресейдің құрамындағы түркітілдес ұлттар мемлекеттік деңгейде тойлайды.

Шаханов және қазақ тілі

Бірақ Шаханов орындаған ең үлкен миссияның бірі – қазақ тілінің мәртебесін сақтап қалуы.

«Менің жындылығымның арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болды», – дейді жазушының өзі.

1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР «Тілдер туралы» заңы қабылданды. КСРО халық депутаты ретінде Шаханов та сол талқылауда болды. Алғашында орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже беру туралы мәселе көтеріледі. Бірақ ақын мінберден сөйлеп, депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасауға үндейді. Оның ұсынысымен қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін иеленді.

Оның шығармашылығында ұлттық рух, тілдің қадір-қасиеті деген тақырып ерекше орын алады. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Шаханов қазақ тілінің егемендігі үшін күресін тоқтатпады. 2004 жылы ол «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы болды, «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубты да басқарды.

Өмірінің соңғы жылдары ақынға оңай соқпады. 2021 жылы оның ұлы Рауан кенеттен өмірден озды. Былтыр қарашада екінші ұлы Қуаныш Мұхтарұлы  қайтыс болды. Жалпы ақын бес баланың әкесі атанған.

Осы жылы көктемде денсаулығы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскен еді. 19 сәуірде ақын мәңгілік сапарға аттанды.