
Алматы қаласындағы Пушкин көшесінің бойында жөндеу жұмыстары аяқталып, тұрғындар үшін жаңа жаяу жүргіншілер аймағы ашылды деп жазады Kursiv Media.
Жаңа нысандардың ішінде ақын Александр Пушкиннің орындықта қалам ұстап отырған мүсіні бар.
Бұдан бөлек, кітаптар үстінде отырған, монокль таққан мысық мүсіні балалар мен ересектердің назарын бірден аударады. Ол ақынның «Руслан және Людмила» поэмасының кіріспесіндегі «Ғалым мысықты» еске түсіреді.

Қазіргі уақытта аллеяда соңғы өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Өзге мүсіндер мен орындықтарды бекітіп бітуге жақын. Алматы әкімдігі мәліметінше, бұл аумақ әлі де түрлене түспек.
1 мамырдан бастап қала бойынша субұрқақтар маусымы басталады, оның ішінде осы аллеядағы жаңа су нысандары да іске қосылмақ. Сондай-ақ, жазға дейін қосымша гүлдер мен жасыл желектермен безендіру жоспарланған.