
7 мамыр күні Алматы қаласының Альпинизм федерациясы дәстүрлі жаппай альпиниада ұйымдастырады. Биылғы шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған және биіктігі 4120 метрді құрайтын Панфиловшылар шыңына бағытталған.
Биылғы маусымның басты жаңалығы – Almaty Alpine Series жобасының іске қосылуы. Бұл Солтүстік Тянь-Шаньның ең көрнекті шыңдарына бағытталған төрт ауқымды альпиниададан тұратын бірегей серия. 7 мамыр күнгі жорық осы серияның алғашқы белесі болмақ.
«Біздің мақсатымыз адамдарға таудың сұлулығын көрсету, оларды тауға қауіпсіз шығуға баулу және үйлеріне аман-есен оралуын қамтамасыз ету», – дейді Алматы альпинизм федерациясының президенті Артем Скопин.
Қатысу шарттары мен тіркеу
Альпиниадаға 14 жастан асқан 400-ге жуық қатысушы жіберіледі. Айта кететін жайт, 14-15 жастағы жасөспірімдер тауға ата-анасының еріп жүруімен ғана шыға алады.
Тіркеу мерзімі: 20 сәуір мен 4 мамыр аралығында www.falp.kz сайтында өтеді. Тіркеуден өтпеген адамдар шараға қатыстырылмайды.
Әрбір тіркелген адамға естелік медаль, брендтелген футболка, қатысушы нөмірі, қорғаныс каскасы және шың басында табысталатын атаулы сертификат беріледі.
Маршрут және кесте (7 мамыр)
Жорық Кіші Алматы шатқалы арқылы өтеді. Жалпы биіктік жиынтығы шамамен 1920 метрді құрайды, ал қиындық санаты 1Б.
Негізгі уақыт көрсеткіштері:
05:30–07:30 – «Шымбұлаққа» аспалы жолмен көтерілу.
07:00 – Мыңжылқы шатқалында (3100 м) аралық тіркеу басталады.
12:00 – Маршруттың техникалық бөлігіне (3700 м) кіру жабылады.
14:00 – Шыңға шығу тоқтатылады.
18:00 – Медеу–Шымбұлақ аспалы жолының жұмысы аяқталады.
Қауіпсіздік – басты басымдық
Шара барысында қатысушылардың қауіпсіздігін Алматы қаласының Құтқару қызметі мен Альпинизм федерациясы қадағалайды. Тәжірибелі еріктілер жол бойындағы маңызды нүктелерде бағыт-бағдар беріп тұрады.
«Біз тіпті тауға ешқашан шығып көрмеген адамдардың өзін кәсіби мамандардың бақылауымен күшін сынап көруіне жағдай жасаймыз», – деп атап өтті Алматы альпинизм мектебінің жетекшісі Ада Дусали.
Тауға шығушылардың өзімен бірге мынадай заттары болуы тиіс: Қорғаныс каскасы, күннен қорғайтын көзілдірік және крем. Тауға арналған (треккингтік) етік. Желден қорғайтын костюм және жылы киім. Су мен жеңіл тамақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымбұлақ тау шаңғысы курортында аспалы жолдар уақытша жабылғаны туралы жазған едік.