
Қаржыгер Расул Рысмамбетов Check Point Talk подкастында ұлттық валютаның тағдырына қатысты ойын айтты. Оның пайымдауынша, егер Ирандағы геосаяси жағдай тұрақталса және Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге көшсе, теңге бағамы біртіндеп әлсірей бастауы мүмкін.
Сарапшының айтуынша, қазір теңгенің тұрақтылығына сыртқы факторлардан гөрі, еліміздегі жоғары базалық мөлшерлеме көбірек демеу болып тұр. Дәл осы жоғары пайыз шетелдік инвесторлар үшін теңгені таптырмас табыс көзіне айналдырған. Қаржы әлемінде бұл құбылысты «кэрри-трейд» деп атайды.
Рысмамбетов схеманың қалай жұмыс істейтінін қарапайым мысалмен түсіндіріп берді.
«Мәселен, қолында 1 миллиард доллары бар банкирлерді алайық. Еуропада бұл ақшаны депозитке салса, олар жылына небәрі 1,5–3% пайда көреді. Ал Қазақстанда базалық мөлшерлеме 18% болып тұр. Олар долларын теңгеге айырбастап, біздің мемлекеттік құнды қағаздарымызды сатып алады. Осылайша, ешқандай өндіріс ашпай-ақ, бір айдың ішінде мол пайыз жинап, соңынан теңгені қайтадан долларға айырбастап алып кетеді. Бұл – дайын тұрған пайда», – дейді ол.
Алайда, мұндай жоғары мөлшерлеме сыртқы инвесторларға тиімді болғанымен, отандық бизнеске тұсау болып отыр. Несие пайызы тым жоғары болғандықтан, кәсіпкерлерге өндіріс ашқаннан көрі, Қытайдан дайын тауар тасыған әлдеқайда арзан түседі.
Қаржыгердің пікірінше, ерте ме, кеш пе Ұлттық банк экономиканы жандандыру үшін базалық мөлшерлемені төмендетуге мәжбүр болады. Ал мөлшерлеме түскен сәтте, алыпсатар инвесторлардың теңгеге деген қызығушылығы азайып, нарықтағы ұсыныс өзгереді.
Бұл төл валютамыздың бағамына тікелей әсер етіп, оның біртіндеп төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Осы аптада теңге бағамы нығайып, доллар арзандады.