
Қазақстанда тау туризміне қызығушылық артқанымен, оның жүйелі дамуы әлі де өзекті мәселе. Алматы – тау туризмінің ірі орталығына айналуына әлеуеті жоғары. Алайда бұл бағытты дамыту – қауіпсіздік, инфрақұрылым және экология арасындағы теңгерімді талап етеді.
Осы бағытта Алматы қаласында маңызды құжатқа қол қойылды: «Kazakh Tourism Development Ltd.» Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев пен белгілі альпинист Мақсұт Жұмаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Әлемдегі 14 сегіз мыңдық шыңның барлығын бағындырған альпинист «Almaty Superski» жобасының ресми өкілі (амбассадоры) атанып, тау туризмін халықаралық стандарттарға сай дамытуға үлес қосатын болады.
Меморандумға сәйкес, Мақсұт Жұмаев таудағы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі сараптамалық топты үйлестіретін болады. Оның басшылығымен туристер үшін білім беру хабына айналатын жүйелі хайкинг-инфрақұрылым мен заманауи визит-орталықтар жобаланады. Сарапшылар тобы бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізуді: яғни трассаларды кәсіби таңбалаудан бастап, биік таулы аймақтардағы жедел байланыс жүйелерін, сондай-ақ маршруттардың каталогтарын әзірлеуге дейінгі кешенді жұмыстарды жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар, олар табиғатқа антропогендік жүктемені азайтуға септігін тишізетін – тау гидтерін дайындау және сертификаттау, кадрларды оқытуға ерекше назар аударады.
Қазақстандағы тау туризмнің дамуы және Алматы тау кластерін экологияға зиян келтірмей қалыптастыру жолдары, халықаралық тәжірибе және жалпы альпинизм саласындағы тәуекелдер туралы тереңірек білу мақсатында Мақсұт Жұмаевтан арнайы сұхбат алып, пікірін білдік.
– Сіз басыңызды қатерге тігіп, қаншама қауіпті шыңдарды бағындырдыңыз. Кейбір өмір мен өлімнің арасында қалған сәттерде «үйіме оралмаймын» деп ойлаған кездер болды ма?
– Альпинизмде үнемі тәуекел етпеске болмайды. Қар көшкінін де көрдім, ауа райының күрт бұзылуынан өте қауіпті жағдайларға да тап болдым. Соның бәрінен аман-есен оралдық. Бұл ең бірінші жаттықтырушымыз Ерванд Тихоновичтің еңбегі. Мықты әрі өз ұстанымынан қайтпайтын әділ ұстазымызға қарап бой түзеп, өзімізге жоғары талап қойдық.Ол бізге альпинизмге спорт ретінде емес, өмір салты ретінде қарауды үйретті. Қай шыңды бағындыруға бел буғанда біздің жанымызда үнемі бүкіл ғұмырын осы іске арнаған адам болды. Ерванд ұстазымыз бізге білім беріп, мықты спортшы атанып, биіктен көрінуге барын салды.
– Тауда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде инфрақұрылым қаншалықты маңызды?
– Әрине, өте маңызды. Ең бірінші альпинистің қауіпсіздігінің кепілі ол – білім, дайындық болса, ал екіншісі ол инфрақұрылым.
Альпинист қаншалық көп жаттықса, соншалық қауіпсіз болады. Ерванд Тихоновичтің «жаттығуда көп тер төксең, экспедициядан аман-есен ораласың» дейді. Себебі 8000 метрден жоғары шыңдардан адамның денсаулығы қатты әлсіреп қайтады. Ал жақсы дайындық осы сынақтарда мықты болуға көмектеседі.
Инфрақұрылым таудағы адамның қауіпсіздігі үшін маңызды рөл атқарады. Қарапайым ұялы байланыстың өзі өте қажет. Біреуді құтқару үшін жақсы дайындықпен қоса арнайы құрал-саймандардыңы, жабдықтардыңы болуы шарт. Сондықтан адаманың өмірін аман алып қалуда әсіресе таудағы құтқарушылардың материалдық-техникалықжабдықтармен толық қамтамасыз етілуі өте өзекті .
Таудағы құтқару жұмыстарына көбіне альпинистердің өзі қатысады, өйткені олар кәсіби мамандар. Жазда альпинистік лагерьлерде үнемі адамдар жұмыс істейді. Ал спорттық топтар жорыққа аттанғанда базалық лагерьде құтқару отряды міндетті түрде болады.
Жалпы қауіпсіздік – білім мен инфрақұрылымның жиынтығы. Бұл тек спортшыларға емес, туристерге де қатысты. Тауда демалуға баратын кез келген адамның базалық білімі болуы керек. Сонымен қатар маршруттар, карталар, тіркеу жүйесі болуға тиіс. Адамдар тауға шығарда қайда және кіммен баратынын, қашан қайтатынын міндетті түрде тіркеуі қажет. Бүгінде тауға шығу мәдениетін қайта қалыптастыру қажет.
– Сіз алты құрлықтағы шыңдардың бәріне шықтыңыз. Тек Антарктидадағы Винсон шыңы қалды. Әр елдің инфрақұрылымын көріп жүрсіз. Дамыған елдерде тау туризмі қалай ұйымдастырылған?
– Еуропада тау туризмі 200 жылдан бері дамып келеді. Олар көптеген қателіктен сабақ алып, осы саладағы туризмді жолға қойды. Енді өзге елдерге үйретіп жатыр.
Ал Непал болса туризм саласындағы жас ел деуге болады. Еуропада Альпі таулары аса биік емес, сондықтан инфрақұрылымды дамытуға қолайлы. Олар туризм барынша қауіпсіз болуы үшін қалай дамыту керек екенін жақсы біледі. Тау туризмі – жай ғана туризм емес, міндетті түрде қауіпсіз болуы керек. Оған туристтерге базалық білім беріп қана қоймай, таудағы маршруттардың бойында инфрақұрылым қатар дамығанда ғана жетуге болады.
– Ал Қазақстанда жағдай қалай?
– Бізде тау шаңғы базалары Кеңес Одағынан мұра болып қалды. Алматы маңында, Шығыс Қазақстанда, Шымкент маңында таулар бар. Жалпы, тау бар жерде адамдар өмір сүрген. Тарихқа көз жүгіртсек, адамдар жайлауда тұрған.
Бірақ бізде тау туризмін дамыту жүйесіз, шашыраңқы жүріп жатыр. Қазір мемлекет тау туризмін басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп отыр әрі бұл үлкен серпін беруге тиіс.
Біз Жапония, Норвегия сияқты елдердің тәжірибесін қолдануымыз керек. Туризм халықаралық стандарттарға сай болуға тиіс, сақтандыру жүйесі де жұмыс істеуі қажет. Біздің тау кластеріміз өзіміз үшін ғана емес, шетелдік туристер үшін де түсінікті, қолжетімді бола түседі деп сенемін. Сондықтан алдымызда атқаратын көп міндет тұр.
– Алматы тау кластерін дамыту қолға алынып жатыр. Көк-Жайлау шатқалында экожүйеге зиян тигізбей тау курортын дамыту үшін не қажет?
– Ең алдымен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып сауатты жобалау қажет. Халықаралық экологиялық стандарттарды сақтау, кім және қалай салатыны туралы ашықтық болуы маңызды.
Оның үстіне, бастысы жобаны тиімді жүзеге асыру үшін тауды сүйетін, таудағы құрылыс жүргізудің қиындығын білетін адам басқарғаны өзекті. Өйткені тауды сурет не кітаптан емес, шынайы білетін, табиғатқа жанашыр адамға ғана жүйелі жүзеге асыра алады.
Көк-Жайлаудағы тау курорты бұл жай ғана жоба емес, ол Қазақстанның мақтанышына айналады. Біз бұл жобаны қалай жүзеге асырсақ, әлем бізді солай қабылдайды. Сонымен қатар, тек қысқы емес, жазғы туризмге басымдық беру қажет. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Еуропадағы кейбір курорттар қысқа қарағанда жазда көбірек табыс табады. Тау туризмі жағажай туризмі сияқты қысқа уақытқа емес, жыл он екі ай сұранысқа ие.
Еліміздегі ішкі туристтердің тарапынан Алматы қаласына деген сұраныс жоғары. Одан бөлек, айналамызда миллиардтан астам тұрғыны бар Үндістан, Қытай, Ресей елдері бар. Бұл шынымен де үлкен аймақ, Қазақстанда туризм саласының әлеуеті зор. Қазірдің өзінде Алматы маңындағы барлық шаңғы курорты лық толы, адам сыймай жатыр. Отандық туристтер көрші Өзбекстан, Қырғызстанға мемелкеттеріне шаңғы тебуге, демалуға кетіп жатыр. Ол аз десеңіз, бүгінде елімізде шаңғышыларға қарағанда жаяу серуендеушілер де көп. Адамдар қай жерде жағдай жақсы болса сол жерге барады. Сондықтан отандық курорттарға туристтердіңкелуі үшін жақсы жағдай жасауымыз керек. Уақыт жетті. Тұрғындар сұранысы артты. Осы бағытта Алматы тау кластері өте ұтымды шешім.
– Алматы тау кластерін дамыту жобасында қандай қателіктерге жол бермеу керек?
– Ең бастысы – экология. Бұл қысқа мерзімдік жоба емес, болашақ ұрпаққа қалатын мұра. Біз табиғатты сақтап қана қоймай, оны жақсартуымыз керек. Сонымен қатар бұл тау экологиясы ғана емес, қала экологиясы үшін де маңызды. Сондықтан жаңашылдықтан қорқудың қажеті жоқ. Тауда жаңа жобалар жүзеге асса ол керісінше жақсы. Бұл дегеніміз сіз бен біздің, яғни тауға шығатын адамдардың қауіпсіздігі. Курорт салатын инвесторлар туристтік жолдарды жасайды, ұялы байланысты орнатады, бастысы құтқарушылардың тез жетуі үшін инфрақұрылымды дамытады.
Тағы бір маңызды нәрсе – адамның сана-сезімі. Турист табиғатқа қонаққа барғандай қарауы керек. Қоқысты жинап кетуі керек. Соның өзі оның табиғатқа жасаған сыйы болмақ. Қазір тауда адамдардың жиі баратын жерлері қоқысқа толып кеткен. Жаның ашиды. Ертең сол жерде жобаны жүзеге асыратын адам келсе, содан сұрау болады. Ол тазалыққа ғана емес, қауіпсіздікке жауапты болады.
Инфрақұрылымды табиғатқа зиян келтірмей, керісінше оны сақтай отырып дамыту басты міндетіміз.