
Сенатор мемлекеттік лауазымды тұлға бола тұра, оның жекеменшік кәсібінің болуы мүдделер қақтығысын тудырмай ма? Kursiv Media бір басында төрт кәсіпорын тіркелген сенатор Зәкіржан Кузиевке осындай сұрақ қойды.
«Олар өздері жұмыс істеп жатыр. Үкіметте жұмыс істеген соң араласпаймыз», – деді ол тілші сауалына.
Кузиевтің кәсібі неге қызықтырады?
Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев – кәсіпкер, қоғам қайраткері, 2023 жылдан бері Сенат депутаты.
Парламентке келгенге дейін жеке кәсіппен айналысқан. 2005 жылы Жаркент крахмал-сірне зауытын ашып, директорлар кеңесінің төрағасы болды. Одан бөлек «Назигум» шағын жеке кәсіпорнының директоры, «Универсал» АҚ президенті болған. Барлығы да ауыл шаруашылығы саласына қатысты кәсіпорындар.
Ашық дерекке сүйенсек, қазір мал сырғасын шығаратын «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» ЖШС құрылтайшысы. Оны қызы Замира Кузиева басқарады. Жақында Кузиева жаңа құрылған «Әділет» партиясының құрамына кірді.
30 жастағы Замираның кәсібі мен саясаттағы жолы, жаңа партия мүшелері жайлы толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
«Бірыңғай шоғырландыру орталығы» құрылған уақыттан бері 450 рет мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Жалпы көлемі 1,3 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан.
Бұдан бөлек Зәкіржан Кузиевке тағы төрт кәсіпорынның қатысы бар. Олар жоғарыда айтқан Жаркент крахмал-сірне зауыты, «Универсал» ЖШС, «Алтын дән Жаркент» ЖШС және «Транс Экспресс» компаниясы. Төртеуінің құрылтайшыларының қатарында Зәкіржан Кузиев бар.

Саясат пен бизнесте мүдделер қақтығысы болмай ма?
Айта кету керек, қазір Кузиев Сенаттағы Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі. Осы жерде аграрлық мәселеге қатысты комитет мүшесі атана тұра ауыл шаруашылығы саласында бизнесі болуының арасында мүдделер қақтығысы туындамай ма деген сұрақ туады. Мемлекеттік лауазымды тұлға өз атына тіркелген бизнесті мемлекеттік сатып алуға қатыстыру үшін ықпал етуі де мүмкін бе?
Бірақ ол Kursiv.Media тілшісінің сұрағына «жоқ араласпаймын, өздері істейді, нарықта солай» деп қысқа қайырды.
2026 жылдың 15 наурызына дейін қолданыста болған Конституция бойынша және жаңа Ата Заң бойынша да, депутаттың «кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ».
Егер депутат немесе министр өз бизнесі бар саланы реттейтін заңдар қабылдаса, ол заңды өз пайдасына қарай бейімдеуі мүмкін. Мемлекеттік тендерлер мен бюджет қаражатын бөлу кезінде өз компаниясына басымдық береді деген тәуекел де бар.
Батыс елдеріндегі тәжірибе бойынша, ірі кәсіпкерлер саясатқа келгенде активтерін «соқыр трастқа» (Blind Trust) береді. Бұл дегеніміз – иесі өз ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқанын, бизнесінің нақты жағдайын мүлдем білмеуі керек. Ол шешім қабылдау кезінде объективті болу үшін жасалады.