Банк пен қаржы

20 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға қашан шығатыны мәлім болды

20 мың теңгелік жаңа банкнота үлгісі
20 мың теңге үлгісі / фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 20 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға қашан шығатынын жариялады.

Қазақстанда қаржы саласын реттеуші мекеме 20 мың теңгенің үлгісін 2025 жылғы қыркүйекте таныстырған. Алайда жаңа банкнота әлі айналымға шыққан жоқ.

24 сәуірде Астанада өткен брифингте ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі ең құнды банкнотаға қатысты сауалға жауап берді.

«Жаңа банкноталардан айналымға шықпаған 20 мың теңгелік қана қалды. Ол бізде бар, үлгісін де көрсеткенбіз. Банкнота өндіру, банктер мен банкоматтарды дайындау сияқты шаруалар бар. Сол себепті 20 мың теңгелік кейінірек шығады», – деп түсіндірді ҰБ басшысы.

Оның айтуынша, 20 мың теңгелік жаңа банкнота 2027 жылы ғана айналымға шығады.

«Келесі жылы 20 мың теңгелік айналымға түседі. Сол кезде ақшаларды жаңалау жұмысы аяқталады», – Сүлейменов. Ол ірі ақшаның нақты қай уақытта шығатынын айтпады.

Қазір айналымда 2022 жылғы 20 мың теңгелік жүр. Былтыр көрсетілген жаңа банкнотаға қара түсті жылқының суреті бейнеленген.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов жаз маусымында долларға сұраныс артатынын алдын ала ескертіп өткен.