
Дүйсенбі күні таңертең Астана уақытымен 6:45-те Азия нарығында мұнай бағасы қымбаттады. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздердің екінші кезеңі өтпей қалуы себеп.
Әлемдік эталон саналатын Brent маркалы мұнайдың бағасы 1%-ға өсіп, барреліне 107,55 долларға жетті. Ал америкалық WTI мұнайы да 1%-ға қымбаттап, 96,40 доллар болды.

Трамптың шешімі және келіссөздердің тоқтауы
Бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трамптың сенбі күнгі мәлімдемесінен кейін басталды. Ол Вашингтонның Пәкістанға Иран өкілдерімен кездесу үшін делегация жіберу жоспарынан бас тартқанын айтты.
Екі ел арасындағы текетірес салдарынан әлемдік энергия тасымалына қауіп төніп тұр. Иран АҚШ пен Израильдің әуе соққыларына жауап ретінде Ормұз бұғазындағы кемелерге шабуыл жасайтынын ескерткен, соның кесірінен маңызды су жолы іс жүзінде жабылып қалды.
Иранның дипломатиялық қадамдары
Иранның Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арагчи жексенбі күні Оман елімен маңызды келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында басты мақсат – аймақтағы барлық көршілер мен әлем үшін қауіпсіз тасымалды қамтамасыз ету екенін жазды.
Сонымен қатар, дүйсенбі күні Арагчи Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу үшін Санкт-Петербургке барды.
Ормұз бұғазы арқылы өтетін теңіз қатынасы қазір толық тоқтап тұр деуге болады. Өйткені Иран мен АҚШ арасындағы текетірес салдарынан екі тарап қоршауды (блокада) алғысы жоқ.