
Айсара Уәлиханованың №117 «Қызылорда–Павлодар» пойызында болған келеңсіз оқиға туралы шағымынан кейін Көліктегі полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады. Құқық қорғау органдары қоғамдық орында тәртіп бұзған жолаушының жеке басын анықтап, тиісті шаралар қолданды.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеріс нәтижесінде құқық бұзушы анықталды. Оған қатысты бірден екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Ер адамның алкогольдік ішімдік тұтынғаны расталып, хаттама толтырылды. Жолаушы әйелге тиісіп, балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік өндіріс басталды.
«Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, жәбірленушінің алғашқыда «шағымым жоқ» деп қол қойғанына қарамастан, қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі бойынша жауапкершілік тоқтатылмайды. Енді жайдарманшы Ақылбек Скендировтың әрекетіне сот құқықтық баға береді.
Ұсақ бұзақылық бабы бойынша кінәлі деп танылған жағдайда, ол айыппұл төлеуі немесе бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Айсара Уәлиханова есімді Тредс қолданушысы пойызда Ақылбектің мас күйінде купеге кіріп алып, мазасын алғанын жазған едік.