
Тек сәуір айында қазақстандық эмитенттер жария капитал нарығы арқылы 2,04 млрд доллар қаржы тартты. Бұл халықаралық инвесторлардың Қазақстан активтеріне деген сұранысы жоғары екенін білдіреді.
Әсіресе ірі компаниялардың белсенділігі жоғары болған.
Kaspi.kz: Kaspi.kz LSE (Лондон) және AIX (Астана) биржаларында 600 млн долларға 5 жылдық еурооблигацияларын орналастырды. Купондық мөлшерлемесі – жылдық 5,9%.
ҚТЖ: «Қазақстан темір жолы» LSE, AIX және KASE биржаларында жалпы сомасы 1 млрд доллар болатын 5 және 10 жылдық еурооблигацияларын шығарды. Олардың кірістілігі тиісінше жылына 5,0% және 5,375% деңгейінде бекітілген болатын.
«Самұрық-Қазына»: «Самұрық-Қазына» CIBM (Қытай) және AIX алаңдарында 3 жылдық «панда-облигацияларын» орналастырды. 3 млрд юань (~$441,7 млн) көлеміндегі бұл қарыздың купондық мөлшерлемесі өте төмен – жылдық 2,18%.
Сонымен қатар қазір «Бәйтерек» холдингі де ішкі нарықта облигациялар шығару үшін букбилдинг (өтінімдер жинау) өткізіп жатыр. Тартылатын қаражат еліміздегі стратегиялық маңызды индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қолдауға жұмсалады.
Екінші деңгейлі банктер ішінде Bank RBK да инвесторлар арасында букбилдинг жүргізіп жатыр. Облигациялар шығару арқылы банк өзінің несие қуатын арттырып, бизнес пен бөлшек сауданы қаржыландыру көлемін ұлғайтуды көздейді.