Еурооблигациялардың сәтті саудасы: ҚТЖ 1 млрд доллар қарыз алды

Жарияланды 24 Сәуір 2026 09:16

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

ҚТЖ облигациялары / фото: gemini generated

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы айналым мерзімі 5 және 10 жыл болатын еурооблигацияларды орналастыру аясында инвесторлардан өтінім жинау процесін табысты аяқтады. Қарапайым тілмен айқанда, бұл келіссөздердің аяқталды деген сөз. Инвесторлар «біз ҚТЖ-ға ақша беруге дайынбыз» деп ресми түрде қол қойды, ал ҚТЖ «біз осы ақшаны мынадай пайызбен аламыз» деп келісті. Яғни, қарыздың көлемі мен оның «бағасы» (пайызы) толық шешілді. Қарыздың жалпы көлемі 1 млрд доллар.

Облигациялардың кірістілігі мен шарттары

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 5 жылдық облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемесі 4,875%-ды, ал жылдық кірістілік 5%-ды құрады. 10 жылдық облигациялар үшін купон мөлшерлемесі жылдық 5,250% деңгейінде бекітіліп, оның кірістілігі 5,375% болды. Бұл көрсеткіштер нарықтағы қазіргі қаржылық жағдайды және инвесторлардың ұзақ мерзімді сенімін көрсетеді.

Инвесторлардың сұранысы мен нарықтық бағалау

Облигацияларды орналастыру кезінде халықаралық инвесторлар тарапынан өте жоғары белсенділік байқалды. Жалпы сұраныс көлемі шамамен 3,9 млрд долларға жетіп, ұсынылған көлемнен 4 есе асып түсті. Teniz Capital-дың пікірінше мұндай көрсеткіш әлемдік қаржы нарығында Қазақстанның мемлекеттік компанияларына деген сенімнің жоғары екенін дәлелдейді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі үлкен қызығушылыққа қарамастан, еліміздің ішкі нарығындағы сұраныс біршама төмен болды.

Жобаны ұйымдастырушылар мен серіктестер

Бұл транзакцияны жүзеге асыруға әлемнің жетекші инвестициялық банктері, соның ішінде Citigroup, JPMorgan Chase және Société Générale андеррайтер ретінде қатысты. Олармен бірге Abu Dhabi Commercial Bank, Deutsche Bank, Oman Investment Bank және Standard Chartered Bank сияқты халықаралық ұйымдар жұмыс істеді. Ал Қазақстан тарапынан орналастыру жұмыстарын Teniz Capital Investment Banking компаниясы ұйымдастырды.

Айта кетейік, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ) Қытай, АҚШ және Франциядан 24 жаңа локомотив сатып алды. Олар Астана, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау және Жем деполарына берілді.

Сондай-ақ оқыңыз