Экономика

Стейблкоин мен токен шығарып, сататын провайдерлер арнайы лицензия алуы керек

Фото: kursiv.media архиві

2026 жылғы 1 мамырдан бастап цифрлық активтер айналымы толықтай заңды шеңберге өтіп, мемлекет реттейді. Ұлттық Банк пен тиісті мемлекеттік органдар енгізген өзгерістер криптовалюталар мен цифрлық қаржы активтерін «көлеңкелі аймақтан» шығарып, инвесторлар үшін сенімді әрі ашық орта қалыптастыруға бағытталған.

Заңға сәйкес, цифрлық активтер нақты екі топқа бөлінді. Біріншісі – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, яғни бізге таныс дәстүрлі криптовалюталар. Екіншісі – цифрлық қаржы активтері (ЦҚА).

Бұл топқа ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоиндер, токенделген нақты активтер және дәстүрлі қаржы құралдарының цифрлық нысандары кіреді. Мұндай жіктеу әр активтің табиғатына қарай жеке құқықтық режим орнатуға мүмкіндік береді.

Провайдерлер тіркелуге тиіс

Ендігі кезекте цифрлық активтермен жұмыс істейтін барлық ұйым арнайы мәртебеге ие болады. Нарықта провайдерлердің үш түрі жұмыс істейді:

  • Активтерді цифрлық нысанда шығару және олардың есебін жүргізумен айналысатын цифрлық қаржы активтері платформалары операторлары;
  • Криптовалюта және цифрлық қаржы активтерімен сауда-саттық ұйымдастыратын сауда платформаларының операторлары (криптобиржалар);
  • Цифрлық активтерді сатып алу және сату бойынша жедел операцияларды орындайтын айырбастау операторлары (крипто айырбастау орындары).

Провайдерлердің барлығы Ұлттық Банктен лицензия алуға немесе тіркеуден өтуге міндетті. Бұл қадам пайдаланушылардың операциялары реттелетін ортада, қауіпсіз әмияндар арқылы жүзеге асуына кепілдік береді.

Стейблкоиндер мен токенизация

Жаңа талап стейблкоиндер мен токенизация арқылы қаржылық операцияларды жеделдетуді көздейді. Стейблкоиндер фиат ақшаға (мысалы, теңгеге) байланғандықтан, олардың құбылмалылығы төмен және оларды ел ішіндегі күнделікті сауда-саттықта пайдалану мүмкіндігі туады.

Ал токенизация процесі жылжымайтын мүлік, тауар немесе өзге де құнды активтерді цифрлық үлестерге (токендерге) бөлуге жол ашады.

Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, активтерді цифрлық токендерге айналдыру арқылы олардың өтімділігі артады. Күрделі әрі шығыны көп рәсімдерсіз-ақ инвесторлардан тікелей қаржы тартуға мүмкіндік туады.

Бұл – әсіресе, орта бизнес үшін капитал тартудың тиімді құралы болмақ. Мысалы, жылжымайтын мүліктің әр шаршы метрін токенге айналдыру арқылы инвесторлар ірі нысандардан үлесін оңай сатып алып, табыс таба алады.

Жаңа жүйе аясында Ұлттық Банк АХҚО аумағынан тыс жердегі провайдерлердің қызметін қадағаласа, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі цифрлық қаржы активтерінің айналымына жауапты болады. Ал АХҚО өз юрисдикциясындағы реттеу ісін жалғастыра береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласын реттеуші органдарға Үкіметпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, цифрлық активтер саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырған.