
Қазақ киносының жауһары, «Қыз Жібек» фильмі тарих қойнауына кетіп, жоғалып кету қаупі болған. Фильмде басты рөлді сомдаған Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова бұл трагедияның алдын алып, туындыны келешек ұрпаққа жеткізу үшін жанқиярлық ерлік жасады. Бұл оқиғаны Майя Бекбаеваға берген сұхбатында айтып берді.
Фильмге төнген қауіп
Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін, «Қыз Жібек» фильмінің орысша нұсқасы Мәскеудегі «Белые Столбы» Мемлекеттік кино қорында (Госфильмофонд) сақталған. Сол уақыттағы қиындықтарға байланысты фильмге қажетті жағдай жасалмады.
Сұхбат барысында Өтекешова:
«Фильм құрып бара жатқанын көрдім. Таспаның (пленканың) бұзылуы не екенін, бір нәрсені жоғалтудың не екенін мен жақсы білемін. Сосын Құманға (Тастанбековке) бір нәрсе істеуіміз керек, фильмді Мәскеуден әкелу үшін демеушілер іздеуіміз керек дедім. Ол жақта кеден бар, құжаттар бар.» – деп, фильмге төнген қауіпті еске алды.
Өнер иесі таспаның бұзылуы не екенін білгенін және бұл жағдайға бей-жай қарай алмағанын айтты.
Фильмді құтқару жолындағы ерлік
Меруерт Өтекешова фильмді жоғалтудан қорыққан. Сондықтан демеушілер тауып, Мәскеуге екі рет барып, фильмді Қазақстанға алып келеді.
«Фильм Мәскеудегі «Белые Столбыда» сақтаулы болатын, мен оған (таспаға) қандай уайыммен қарағанымды көрсеңіз… Содан кейін көшірмесін жасатып, Қазақстанға әкелдім, бірақ «Қазақфильм» студиясына берген жоқпын, сенбедім», – дейді Меруерт Өтекешова.
«Қыз Жібектің» қазақша нұсқасы
Сұхбат барысында Меруерт Өтекешова фильмнің қазақша нұсқасы туралы да айтты. Оның айтуынша, қазақша нұсқасы «Қазақфильмде» сақталған. Бірақ ол кезде бұл туралы ешкім білмеген. Фильмнің қазақша нұсқасы шашылып жатқан болатын. Меруерт Өтекешова:
«Мәскеуде орысша нұсқасы ғана сақталды. Ал қазақша нұсқасы Қазақфильмде сақталған. Оны біз білмедік. Жан жақта шашылып жатқан соның бәрін іздеп жүріп жинақтадым», – деді Қыз Жібек.
Осылайша, Меруерт Өтекешованың жанқиярлық ерлігі арқасында «Қыз Жібек» фильмі сақталып қалды. Оның фильмді жоғалтудан қорыққаны, Мәскеуге сапарлары және фильмді Қазақстанға алып келуі қазақ киносының тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып қала береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қоғамда «Қыз Жібектің» қамзолы продюсер Баян Алагөзованың қолына түсіп дау туындаған еді. Меруерт Өтекешоваға қамзолға қатысты жа сұрақтарға жауап берді.