
Қаржы министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанның қорғаныс саласына бөлетін қаржысы тұрақты түрде артып келеді. Нақтырақ айтқанда, қорғаныс бюджеті 2024 жылы 1 163,4 млрд теңгені құраса, 2025 жылы көрсеткіш 1 213,4 млрд теңгеге жеткен. Ал 2026 жылға қарай қорғаныс саласына 1 427,8 млрд теңге бөлу жоспарланған. Осылайша, алдағы уақытта қорғанысқа жұмсалатын қаржы көлемі елдің Жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына дейін ұлғайтылып отыр.
1,4 трлн теңгенің сұрауы: 2026 жылы Қазақстанның қорғаныс бюджеті қалай бөлінеді?
Ресми деректерге сәйкес, 2026 жылға жоспарланған Қазақстанның қорғаныс бюджеті 1 427,8 млрд теңгені құрайды. Қаражат әскери салаға ғана емес, сонымен қатар елдің азаматтық қорғанысы мен төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына да жұмсалады. Нақтырақ айтқанда, жалпы сома екі негізгі ведомство – Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі арасында бөлінген.
Қорғаныс министрлігінің басымдығы: Жауынгерлік дайындық
Қорғаныс бюджетінің ең үлкен үлесі – 1 168,4 млрд теңге тікелей Қорғаныс министрлігіне бағытталады. Бұл қаражат армияның қуатын арттыруға және оны заманауи талаптарға сай бейімдеуге арналған. Оның ішінде ең қомақты сома, яғни 1 155,7 млрд теңге Қарулы Күштердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұл қаражат әскерді ұстау, жаттығулар өткізу және ел қауіпсіздігін тұрақты түрде қамтамасыз етуге негізделген. Ал қалған 12,6 млрд теңге Қарулы Күштерді дамытудың арнайы бағдарламасына, соның ішінде әлеуетті күшейту мен жаңа технологияларды енгізуге бөлінген.
Төтенше жағдайлар министрлігі: Қауіпсіздік пен инфрақұрылым
Азаматтық қорғаныс пен қауіпсіздік мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігіне 259,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы ел ішіндегі табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мен салдарын жоюға бағытталады. Оның ішінде 199,9 млрд теңге төтенше жағдайлар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы саясатты іске асыруға және мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруға жұмсалады. Сонымен қатар, табиғи және техногендік сипаттағы апаттардан қорғайтын объектілерді салу мен қайта жаңартуға 19,9 млрд теңге бөлінсе, құтқару мекемелері мен органдарының күрделі шығындарына 39,5 млрд теңге қарастырылған.
Көршілес елдердің қорғаныс шығындары
Көршілес және аймақтағы басқа мемлекеттердің қорғаныс шығындарына келетін болсақ, алпауыт елдер бұл салаға өте үлкен көлемде қаржы бөледі. Мысалы, Global Firepower ұйымының деректеріне сәйкес, 2026 жылға Ресейдің қорғаныс бюджеті шамамен 126-146 млрд долларды құраса, Қытай бұл мақсатқа шамамен 235-267 млрд доллар жұмсайды. Орталық Азия елдерінің ішінде Өзбекстан қорғаныс саласына көбірек көңіл бөліп, оның бюджеті 2,8 млрд доллардан асқан. Қазақстанның бұл бағыттағы шығындары шамамен 2 млрд доллар шамасында бағаланады. Түркіменстанның қорғаныс бюджеті 1,1 млрд долларды құраса, Тәжікстан бұл салаға 446 млн доллар, ал Қырғызстан 221 млн доллар шамасында қаржы бөледі.
Global Firepower рейтингіндегі орындар
Әлемдік армиялардың қуатын бағалайтын Global Firepower рейтингінің соңғы жаңартылған тізімінде әлем бойынша АҚШ, Ресей және Қытай алғашқы үштікті бастап тұр. Орталық Азия аймағында биыл күштердің орналасуында айтарлықтай өзгерістер байқалды. Өзбекстан рейтингте бес сатыға көтеріліп, 53-ші орынға тұрақтады және аймақта көшбасшы атанды. Ал Қазақстан 58-ші орынға жайғасып, Өзбекстанға жол берді. Аймақтағы басқа елдерге келсек, Түркіменстан 78-ші, Тәжікстан 100-ші, ал Қырғызстан 109-шы орыннан көрінді. Осылайша, көршілес мемлекеттердің әскери әлеуетін арттыруға баса назар аударып отырғанын байқауға болады.
Еске сала кетейік, биыл міндетті әскери жиынға 3 000 әскери шақырылады.