Экономика

Өзбекстан 2026 жылы ДСҰ-ға кірсе, Қазақстанға пайдасы бар ма

Өзбекстан ДСҰ-ға кірмек / фото: gemini AI

Өзбекстан билігі 2026 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) толыққанды мүше болуды мақсат етіп отыр. Мәселе ел президентінің қатысуымен өткен жиында арнайы талқыланды.

Негізі процесс ертерек аяқталуға тиіс еді, алайда кейбір елдермен құжат келісу көбірек уақыт алған. Қазір Өзбекстан 33 мемлекетпен келіссөздерді сәтті жүргізіп, заңнамасын халықаралық талаптарға сәйкестендіріп жатыр.

Бұл қадам Қазақстан үшін несімен маңызды?

Сарапшы Ернар Серіктің мәліметінше, Өзбекстанның ДСҰ-ға өтуі ең алдымен Қазақстан үшін сауда-саттықтың болжамды әрі түсінікті болуына жол ашады.

Ұйым талаптары бойынша тариф, салық пен субсидиялар ашық болуға тиіс. Бұл біздің экспорттаушылар үшін 38 миллионнан астам халқы бар үлкен нарыққа күтпеген кедергісіз шығуға мүмкіндік береді. Яғни көршілес елмен арадағы сауда ережелері халықаралық деңгейде қорғалады.

Инвесторлар үшін талас күшейеді

Сонымен қатар, екі ел арасында инвестор тарту үшін бәсеке арта түспек. Өзбекстанның ДСҰ-ға мүше болуы – әлемдік бизнеске «біз халықаралық ережелермен ойнауға дайынбыз» деген үлкен белгі.

Енді шетелдік компаниялар салық жеңілдіктеріне ғана емес, жұмыс күшінің құнына, нарықтың көлеміне және реформалардың жылдамдығына қарап таңдау жасайды. Бұл Қазақстан үшін экономикалық жаңаруды тездетуге итермелейтін үлкен сын-қатер болмақ.

Транзит пен логистикадан келетін пайда

Қазақстан жағдайдан транзиттік мемлекет ретінде ұтуы мүмкін. Өзбекстанның мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ болғандықтан, оның сыртқы саудасы артқан сайын Қазақстанның теміржолдары мен қоймаларына, логистикалық орталықтарына сұраныс артады.

Қытай, Ресей және Еуропа бағытындағы тауар айналымы біздің инфрақұрылым арқылы өтіп, ел бюджетіне қосымша табыс әкелуі тиіс.

Отандық өндірушілерге түсетін салмақ

Дегенмен, қазақстандық өндірушілер үшін белгілі бір қауіп те жоқ емес. Өзбекстан арзан шикізат пен құрамдас бөлшектерді импорттап, оны өңдеп, дайын өнім ретінде экспорттауға көшуі мүмкін.

Егер біздің елдегі өндіріс моделі қымбат әрі икемсіз болып қалса, аймақтық өндіріс тізбектері көрші елге ауысып кетуі ықтимал. Бұл әсіресе жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларына тікелей әсер етуі мүмкін.

Қызмет көрсету саласындағы жаңа мүмкіндіктер

Өзбек нарығының ашылуы қазақстандық банктер, IT-компаниялар, логистикалық және консалтингтік орталықтар үшін жаңа мүмкіндік терезесін ашады.

Біздің бизнес үшін көрші елге өз қызметін ұсыну, филиалдарын ашуға қолайлы сәт туындап тұр. Ең бастысы, мүмкіндікті жіберіп алмай, нарыққа сапалы әрі дайын өнімдермен жылдам кіру маңызды.

Тұжырымдай келгенде, Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі Орталық Азиядағы экономикалық бәсекені жаңа деңгейге шығарады. Бұған дейін Қазақстан ұйымға ертерек мүше болғанының арқасында алда болып келсе, енді бұл артықшылық біртіндеп жойылады.

Алдағы уақытта кімнің инфрақұрылымы мықты, кімнің бизнесіне кететін шығын аз және кім реформаларды жылдам өткізеді – сол ел ұтады.

Өзбекстан инвесторлар алдында сенімін арттырғанымен, өз нарығын «қолмен» реттеу мүмкіндігінен айырылады, ал бұл Қазақстан үшін аймақтағы тиімділікті арттыруға берілген нақты белгі.

Еске сала кетейік, Kursiv Media Қазақстандағы шетелдік бизнестің саны және қай елден келгені туралы сараптамалық материал жазған. Елімізде Өзбекстанның 9,6 мыңнан астам заңды тұлғалар тіркелген.