Жаңалықтар

Шымкентте қауіпті қалдықтардың ашық аспан астында сақталу фактісі тексеріледі

Шымкентте қауіпті қалдықтардың ашық аспан астында сақталу фактісі тексеріледі / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Шымкенттегі өнеркәсіптік аумақта ашық аспан астында ескі аккумуляторлар мен қорғасын құймалары түріндегі дайын өнімдер сақталып жатыр. Бұл туралы Kursiv.Media-ға келіп түскен видеодан белгілі болды.

Видеода үлкен өнеркәсіптік алаң көрінеді. Аккумуляторлардың бір бөлігі тағандарға (поддондарға) жиналып, пленкамен оралған. Алайда кадрлардан көрініп тұрғандай, жақын маңда батареялардың үлкен үйінділері тікелей жерде – жабынсыз және көрінетін қорғаныс конструкцияларынсыз жатыр.

Аккумуляторлардың астында сұр түсті сұйықтықтың кеуіп қалған дақтары байқалады. Сыртқы белгілеріне қарап, сұйықтықтың беткі қабатқа жиналып, содан кейін топыраққа сіңіп кеткенін болжауға болады.

Ескі аккумуляторлар үйіндісінің жанында видеодан қорғасын құймаларының бірнеше қатары көрінеді. Сұр түсті металл құймалар кәсіпорын аумағында жиналып тұр, олардың саны жиырмаға жуық.

Шамасы, сол аумақта түсірілген басқа видеода тағы бір алаң көрсетілген. Кадрларға қарағанда, онда іші ашылған аккумуляторлар жатыр: корпустары қираған, ішкі элементтері шығарылған, жанында пластик сынықтары мен қорғасын бөлшектері жатыр. Осы үйінділерден бірнеше метр жерде металл балқыту үшін пайдаланылуы мүмкін пеш орналасқан.

Осылайша, кадрлардан бір ашық аумақта ескі аккумуляторларды сақтау, оларды бөлшектеу, қорғасын элементтерін алу, металды балқыту ықтималдығы және дайын өнімді қоймалау белгілері көрінеді. Видеоны алғаннан кейін редакция «Шымкент қаласының жайлы қалалық ортаны дамыту басқармасы» ММ-не сауал жолдады.

Бұған дейін бұл ведомство мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын келісіп, қайталама қорғасынды қабылдау және қайта өңдеу қызметіне экологиялық рұқсат берген болатын. Редакцияда бар ақпарат бойынша, мұндай нысандар экологиялық қауіптіліктің II санатына жатуы мүмкін.

Бұл ретте шикізат арнайы жабдықталған жабық бетон алаңға түсірілуі тиіс, ал қорғасынды алу үшін бірнеше кезеңмен жұмыс істейтін арнайы қондырғы қолданылуы керек. Алайда видеода жабық алаң немесе өндірістік желі көрінбейді. Кадрларға қарағанда, аккумуляторлар тікелей жерде қолмен бөлшектелуі мүмкін.

Қорғасын-қышқылды аккумуляторлардың ішіндегі электролитпен – күкірт қышқылымен жұмыс істеу мәселесі бөлек сұрақ тудырады. ҚР СТ 3132-2018 ұлттық стандартына сәйкес, электролиттерді қоршаған ортаға төгуге, олардың булануына жол беруге және сақтау ережелерін бұзуға тыйым салынады.

Электролит пен қорғасынның топыраққа және жер асты суларына түсуі қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Балқыту пешінің жұмысы да күмән тудырады. Мұндай өндірістерде газ жанарғысы бар жану жүйесі қолданылуы мүмкін. Бұл ретте видеода пештің жанында кокс сынықтары көрінеді.

Сондай-ақ, кадрлардан түтін мұржасы немесе ұйымдастырылған түтін шығару жүйесі байқалмайды. Тек видеоға сүйенсек, металл балқыту іс жүзінде ашық әдіспен жүріп жатқан болуы мүмкін.

Редакция құзырлы органдардан жауап күтеді және қорғасын-қышқылды аккумуляторларды қайта өңдеу нысаны неліктен экологиялық қауіптіліктің II санатын алғанын, электролитті жинау және бейтараптандыру жүйесі қайда екенін, шығарындыларды тазарту қалай жүзеге асырылатынын және экологиялық рұқсат берілгенге дейін өндіріске нақты тексеру жүргізілген-жүргізілмегенін түсіндіруді сұрайды.