Lifestyle

«Тақтар таласы» сериалының жұлдызы «Джейме Ланнистер» Астанаға келеді

Джейме Ланнистер Астанаға келеді / фото: » Тақтар таласы» фильмінен кадр

Comic Con Astana 2026 алғашқы жұлдызды қонағының есімін ресми түрде жариялады. Шараның басты хедлайнері – «Тақтар таласы» (Игра престолов) атты әйгілі сериалдағы Джейме Ланнистердің рөлімен танылған дат актері Николай Костер-Вальдау.

Голливуд жұлдызы Астана төрінде

Николай Костер-Вальдау «Тақтар таласымен» ғана шектелмей, Голливудтың бірқатар ірі жобаларында басты рөлдерді сомдаған. Көрермендер оны «Мысыр құдайлары» , «Обливион» және «Кеңістікке оқ ату» сияқты танымал фильмдері арқылы жақсы таниды.

«Comic Con Astana 2026 Қазақстанның астанасында 6–9 тамыз аралығында өтеді. Николай Костер-Вальдау іс-шараның ресми түрде жарияланған алғашқы хедлайнері атанды», – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Фестиваль аясында жанкүйерлер актермен кездесіп, автограф алуға және суретке түсу мүмкіндігіне ие болады

Comic Con Astana дегеніміз не?

Comic Con Astana – жыл сайын кино, сериал, комикс, компьютерлік ойындар және заманауи поп-мәдениет әуесқойларының басын қосатын халықаралық фестиваль. Дәстүр бойынша шараға әлемге әйгілі актерлер, комикс суретшілері, косплеерлер және танымал франшизалардың авторлары арнайы шақырылады.

Биылғы фестиваль Астана қаласы әкімдігінің және Astana Tourism туризмді дамыту орталығының ресми қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Тамыз айында өтетін шараның басқа да жұлдызды қонақтары алдағы уақытта белгілі болады.

Еске сала кетейік, былтырғы Comic Con Astana фестивалі қонақтар саны жөнінен рекорд орнатқан. Жұлдызды қонақтар арасында «Сақиналар әміршісі» фильмдегі Голумның рөлім сомдаған Энди Серкис келген.