Экономика

Қазақстандық эмитенттер екі айда 4 млрд доллар капитал тартты

фото: AIX баспасөз орталығы

Отандық компаниялар мен қаржы институттары сыртқы нарықтарда қарыз капиталын тартуды белсенді түрде жалғастыруда. Соңғы екі айдың қорытындысы бойынша қазақстандық эмитенттер еурооблигациялар шығару арқылы шамамен 4 млрд доллар көлемінде қаражат жинады.

Қазақстандық эмитенттер 2 айда еурооблигациялар арқылы $4 млрд тартты

Finmentor мәліметінше, аталмыш кезеңдегі ең ірі орналастыруды «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) жүзеге асырды. Компания LSE, AIX және KASE биржаларында 5.0% және 5.375% табыстылықпен 5 және 10 жылдық еурооблигацияларын ұсынып, нарықтан 1 млрд доллар тартты. Энергетика секторынан QazaqGaz 10 жылдық қарыз қағаздары арқылы 5.625% купондық мөлшерлемемен 700 млн доллар жинады.

Қаржы және банк секторы да жоғары белсенділік көрсетті:

  • Kaspi.kz LSE/AIX алаңдарында 5 жылдық еурооблигациялар арқылы 5.9% купондық мөлшерлемемен 600 млн доллар тартты.
  • «Бәйтерек» холдингі Vienna/KASE биржаларында 500 млн долларға 7 жылдық қағаздарын орналастырды (купондық мөлшерлемесі – 5.2%, кірістілігі – 5.375%).
  • Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) доллармен есептесетін 230 млрд теңгелік (шамамен 500 млн доллар) 3 жылдық еурооблигацияларын 16.95% мөлшерлемемен ұсынды (алаңдар: Vienna/AIX).
  • RBK Bank Vienna мен AIX биржаларында дебюттік 5 жылдық қағаздарын шығарып, 7.7% мөлшерлемемен 300 млн доллар тартты.

Сонымен қатар, нарықты әртараптандыру бағытындағы ерекше қадам ретінде «Самұрық-Қазына» қорының орналастыруын атап өтуге болады. Қор CIBM және AIX алаңдарында 2.18% купондық мөлшерлемемен 3 млрд юаньға (шамамен 440 млндоллар) 3 жылдық панда-бондтарын сәтті орналастырды.

Еске сала кетейік, Шахмұрат Мүтәліптің компаниясы 1,2 млрд долларға облигация шығарады