
Салық кодексіне енген өзгерістерден кейін отандық бизнеске жасалатын жеңілдіктер мен бақылау шаралары қайта қарылып жатыр. Қаржы министрлігі кәсіпкерлер үшін корпоративті табыс салығының (КТС) аванстарын есептеу тәртібін жеңілдетуді мақұлдағанымен, Мемлекеттік кірістер комитеті миллионнан астам салық төлеушінің қарызын алға тартып, шағын бизнеске арналған 200-ші есеп формасын жоюға үзілді-кесілді қарсы шықты. Бұл мәселелер жобалық кеңсенің кезекті отырысында талқыланған.
Ұлттық банк КТС аванс төлемдерін қайта қарауды талап етті
2025 жылдың 1 қаңтарынан 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін ақша-несие нарығындағы операциялардан түсетін табысқа 10 пайыз салық салынған болатын. Бұл салық тек аяқталған кезеңнің қорытындысы бойынша бір рет қана алынатын.
Алайда қазіргі салық ережесі бойынша, бизнес бұл біржолғы салық сомасын болашақ кезеңдегі КТС аванс төлемдерін есептеу барысына қосуға міндетті. Ұлттық банк өкілдері бұл талаптың бизнес үшін аванс төлемдерді негізсіз әрі қолдан ұлғайтуға әкеліп соқтыратынын алға тартты. Өйткені 2026 жылы бұл операцияларға қайтадан қосымша салық салынбайды.
Осы мәселені шешу үшін мамандар КТС аванс төлемдерін есептеу мен төлеу тәртібіне, сондай-ақ салық есептілігін жасау ережелеріне өзгеріс енгізуді ұсынды. Қаржы министрлігі бұл бастаманы қолдап, тиісті құжатты жұмысқа қабылдады.
Медицина саласына бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесі енгізілуі мүмкін
Жиында денсаулық сақтау саласында бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесін енгізу мәселесі де қызу талқыланды. Айта кетейік, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сату және импорттау үшін 5 пайыздық төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленген, ал 2027 жылдан бастап ол 10 пайызға дейін өседі.
Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін қызметтер мен дәрілер ҚҚС-тан толық босатылған.
Мамандардың пікірінше, мұндай жеңілдіктер мен салықтан толық босату режимдерінің қатар қолданылуы салықты әкімшілендіруді қиындатып отыр.
Нарыққа бірыңғай мөлшерлеме қажет деген пікірге келген тараптар оның нақты көлеміне қатысты әлі де ортақ мәмілеге келе алған жоқ. Серік Жұманғарин бұл мөлшерлеменің бюджет пен салаға тигізер әсерін қосымша есептеп шығуды тапсырды.
Мемлекеттік кірістер комитеті 200-ші салық формасын жоюға қарсы
Салық кеңесшілері 200-ші салық нысанын тапсыру шағын бизнеске үлкен әкімшілік жүктеме түсіретінін, есепші жалдауға шығындалуды талап етіп, айыппұл арқалау қаупін арттыратынын айтып, оны жоюды ұсынған болатын.
Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шықты.
Оның түсіндіруінше, бұл есептілік тек жалдамалы жұмысшылары бар компанияларға ғана арналған және ол ең алдымен әлеуметтік төлемдерді уақытылы есепке алып, жұмысшылардың құқығын қорғау үшін қажет.
Мекеме, 2026 жылдың ақпан айында жеңілдетілген декларация тапсырған 1,2 миллион салық төлеушінің 800 мыңға жуығының әлеуметтік төлем бойынша берешегі болған.
Сондықтан тоқсан сайын есеп беру бизнестің салық жүктемесін біркелкі бөлуге көмектеседі және қарыздың қордаланып қалу қаупін азайтады.
МКК өкілдері қазіргі арнаулы салық режимінің шарттары өте тиімді екенін де еске салды.Бұл режимді қолдану шегі 2,6 млрд теңгені құрайды, ал жылдық айналымы 103,8 миллион теңгеден асатын компаниялар еңбекақы төлеу шығындарын шегерімге жатқыза алады және ҚҚС есебіне тұрмай-ақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.
Бұл ұстанымды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де толық қолдап отыр. Дегенмен, 200-ші салық формасының тағдыры бойынша түпкілікті шешім қосымша талдау жұмыстарынан кейін қабылданатын болады.
Бұған дейін Салық кодексіне құжаттағы заң терминдерін жаңарту мен елдегі құқықтық өзгерістерге сәйкестендіруге бағытталған өзгерістер енгізілетіні хабарланған.