«Cен менің шөберемсің»: Бибігүл Төлегенова Димаш Құдайбергенді құттықтады

Жарияланды 25 Мамыр 2026 20:42

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Мәдениет министрлігі

Қазақ опера өнерінің бұлбұлы, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова әлемдік сахналарда қазақ әнін асқақтатып жүрген бірегей талант, Димаш Құдайбергенді туған күнімен құттықтап, аналық әрі әжелік ақ батасын берді.

Өнердегі сабақтастық пен ұрпақтар үндестігінің жарқын үлгісі болған бейнеқұттықтауды желіге Димаштың анасы Светлана Айтбаева жариялады.

«Сен – бүкіл қазақ халқының әлемдегі өкілісің»

Өз сөзінде Бибігүл Ахметқызы Димаштың өнердегі де, өмірдегі де азаматтық болмысына жоғары баға беріп, оның қазақ мәдениеті үшін орны ерекше екенін атап өтті.

«Айналайын, Димашжан! Ата-анаңның ұлысың, әжеңнің немересің, ал маған шөбересің. Сондықтан бүгін сенің туған күніңе қуана отырып, құттықтағым келіп отыр. Тәнің сау болсын, бақытты бол. Табысың мен абыройың үстем болсын, Құдайға шүкір. Ел сыйлайтын, халық қадірлейтін азаматсың», – деді опера аңызы.

Сонымен қатар, халық әртісі Димаштың әлемдік деңгейдегі миссиясына тоқталып, бүкіл ел атынан алғыс білдірді:

«Елді, бүкіл әлемді қазақтың әніне тәнті еткенің үшін саған бүкіл қазақ елі мың да бір рақметін айтады. Бәрінің батасы саған бас болуына құт болсын. Қайда жүрсең де, жолыңды Қыдыр қолдасын. Сен – бүкіл қазақ халқының жер жүзіндегі өкілісің. Ол өкілдігің жоғарыдан көріне берсін».

Аңыз өнерпаз Димашқа өзінің жасын тілеп, шығармашылық биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген БҰҰ ізгі ниет елшісі ретінде Бангладештегін босқындар лагеріне барған еді.

Сондай-ақ оқыңыз