Айгүл Иманбаева өміріндегі ең ауыр сынақты есіне алды (видео)

Жарияланды 1 Маусым 2026 16:43

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
Айгүл Иманбаева / фото: Instagram
Айгүл Иманбаева / фото: Instagram

Айгүл Иманбаева 22 жасында өмірінде ең ауыр сынаққа тап келгенін баяндады. Айтуынша, алғашқы ажырасуы өміріне қатты әсер еткен.

Бұл – талай отбасының басына ауырлық әкелген 90-жылдары болған. Десе де, бұл қиын-қыстау заман оның төркінін айналып өткен.

«Таршылық көрмедік»

«Шешем өмір бойы қызметте жұмыс жасаған. Бухгалтер – қазіргі тілмен айтқанда, қаржыгер. Бізге қиыншылық көрсетпей өсірді. Қиын бір замандар болды. Тоқсаныншы жылдары тамақ талонмен берілді. Үйде кәмпитті бір тал ғана беретін. Біз бала кезімізде ондай нәрсе көрген жоқпыз», – дейді актриса.  

Сөзіне қарағанда, үйіндегі сервантта тәтті дәмдер толып тұрған. Ешқандай қиындық көрмеген.

«Жоқшылыққа түстім»

«Былай айтқанда тоқтықта өстік десек болады. Үлкен адам болып қалыптасып келе жатқан кезде үлкен ауыр сынақтың бірі – менің алғашқы ажырасуым болды. Жасым  22-ге толған кезім бе, толмаған кезім бе, тіпті есімде де жоқ. Кезінде еркелеп, аяқты алшысынан басып жүрген Айгүл жоқшылық күйге түседі», – деп есіне алды актриса.  

Бұл тоқсаныншы жылдар еді. Университет бітіргеннен кейінгі кезең. Ажырасқан соң, анасының үйіне қолында алты-жеті айлық баласымен келген. Шешесі де көмек қолын созуден бас тартпаған. Өйткені күйлі-қуатты болған.

«Намыс өлтірді»

«Бірақ мен оны намыс көрдім. Баламды ауылда шешемнің қасына қалдырдым да, Алматыға келіп, төрт-бес жерде жұмыс жасадым. Жоқтықты да сол кезде көрдім. Өйткені намыс мені өлтірді. «Мына Гүлсімнің қызы ажырасып келіпті. Қолындағы баласымен келіпті» деген әңгімелер. Ауылға барғандағы намыс», – дейді Айгүл Иманбаева.  

Айтуынша, актриса сол кезде ғана жауапкершілік ала бастаған.

«Адаспаймын деп, адастым. Адасып жүріп жолымды таптым. Қиыншылықтарды жеңдім. Бар мен жоқтың, аштық пен тоқтықтың қадір-қасиетін мен осы кезеңде ғана ұқтым. Бұл да бір маған сабақ болды», – деді Айгүл Иманбаева.

Айта кететін жайт, Айгүл Иманбаеваға бір қаскөй ұзақ уақыт дуа жасап келген.

Сондай-ақ оқыңыз