
Азиядағы экономикалық ландшафт қазіргі таңда айқын иерархия мен сараланған даму модельдерімен сипатталады. Халықаралық валюта қорыныі 2025 жылғы мәліметінше аймақтың экономикалық тепе-теңдігін Қытай (19,63 трлн доллар), Жапония (4,44 трлн доллар) және Үндістан (3,92 трлн доллар) сынды үш алып мемлекет қалыптастырып отыр. Олар өңірдегі басым экономикалық күш ретінде көшбасшылық танытуда.

Бұл мемлекеттермен қатар, Таяу Шығыстың мұнай-газ державалары (Сауд Арабиясы, БАӘ, Иран) мен Оңтүстік-Шығыс Азияның қарқынды дамып келе жатқан нарықтары (Индонезия, Сингапур, Таиланд) жаһандық экономикалық картадағы салмағын арттырып, аймақтың экономикалық қуатын әртараптандыруда.
Қазақстанның аймақтық көшбасшылығы және салыстырмалы талдау
Қазақстан 303 млрд доллар ЖІӨ көрсеткішімен азиялық рейтингте 17-орынға тұрақтады. Бұл нәтиже елдің Орталық Азиядағы экономикалық тұрғыдан басым екенін айғақтайды. Мәселен, өңірдегі ең жақын бәсекелес – Өзбекстанның көрсеткіші (147 млрд доллар) Қазақстанның нәтижесінен екі есеге жуық аз. Бұл алшақтық тек ресурстық базамен ғана емес, сонымен қатар екі елдің экономикалық даму стратегиясы, демографиялық көрсеткіштері және жүргізіліп жатқан индустриялық саясаттың өзгешеліктерімен тікелей байланысты.
Ресурстық әлеует және даму перспективалары
Қазақстанның бұл рейтингтегі орны негізінен көмірсутек экспорты мен бай ресурстық әлеуетінің нәтижесі. Энергетикалық сектор елдің халықаралық аренадағы экономикалық салмағын арттырудағы негізгі қозғаушы күш рөлін атқарады. Дегенмен өңірлік экономикалардың құрылымын талдай келе, Қазақстанның болашақтағы орны тек ресурстарға ғана емес, экономиканы әртараптандыру мен инновациялық даму бағыттарын қалай жүзеге асыруына тікелей байланысты болмақ. Бұл – елдің аймақтық деңгейдегі маңызды ойыншы ретіндегі мәртебесін нығайтудың жалғыз жолы.
Айта кетейік, сарапшылар ортамерзімді кезеңде Қазақстан экономикасының әлеуетті деңгейге жақындайтынын және жыл сайын 4-5% шамасындағы тұрақты өсімді көрсететінін болжайды