
Хан тамада атымен белгілі маңғыстаулық асаба Қасым Утешев 10 тәулікке қамалды. Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, асабаға 13 мамырда азаматтық некедегі әйеліне отыз күн бойы жақындамау туралы қорғау нұсқамасы берілген. Алайда асаба 21 мамырда әйелі тұрып жатқан үйге барып, жанжал шығарған. Әйелді балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтқан.
Сотта Қасым Утешев кінәсін мойындамай, әйелге қатысты қандай да бір құқыққа қайшы әрекет жасамағанын мәлімдеді. Сөзінеше, жанжалды әйел бастайды. Артынша полиция шақырамын деп қорқытады. Әйелдің сөзінше, азаматтық некедегі күйеуі «ит, мал» деген былапыт сөздер айтқан.
Осылайша, бір айға берілген қорғау хаттамасын сақтамаған тамада 22 мамырда 10 тәулікке қамалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласында полиция қызметкерін алдаған екі пранкер әкімшілік жауапқа тартылып, 15 және 10 тәулікке қамалған еді.