Экономика

Жазда қандай акцияларға инвестиция салу тиімді

қор нарығы / фото: gemini AI

Қазақстандық компаниялар жазға әртүрлі қаржылық нәтижелермен жетті. Жалпы алғанда, олардың табысы өсіп келеді, бірақ кейбірінің таза пайдасы былтырғыдан төмендеген. Сондай-ақ, қазір акционерлерге дивиденд төлеу маусымы әлі толық аяқталған жоқ. Осы жағдайды ескере отырып, сарапшылар тәуекелі аз және табыс әкелу мүмкіндігі жоғары бірнеше компанияны атап өтті. Kursiv қор нарығы бойынша Freedom Broker сарапшыларының инвестициялық идеялар жинағын дайындады

KEGOC (Электр желілерін басқару компаниясы)

Жыл басында бұл компания өте жақсы нәтиже көрсетті. Оның табысы былтырғыдан 44 пайызға, ал таза пайдасы 80 пайызға өсті. Бұған жарық бағасының, яғни тарифтің көтерілуі себеп болды. Жаз айларында да тариф күткендегіден жоғары болмақ. Дегенмен, алдағы жылдары компания жаңа жобаларға көп қаражат жұмсауы мүмкін немесе жаңадан бекітілетін тарифтер күтілгендей үлкен табыс әкелмеуі ықтимал деген қауіп бар.

«ҚазТрансОйл» (Мұнай тасымалдау)

Мұнай тасымалдаушы бұл компания соңғы бес жылда алғаш рет дивиденд көлемін айтарлықтай көтеріп, әр акцияға 118 теңгеден төледі. Сондай-ақ, биылғы жылдың екінші жартысынан бастап мұнай экспорттау тарифі 10,6 пайызға өседі, бұл компанияның табысын одан әрі арттыруы тиіс. Алайда, әдетте маусым айының басында дивиденд төленіп біткен соң, акция бағасы уақытша өспей, бір орында тұрып қалуы мүмкін. Дегенмен, компанияның табысы осылай өсе берсе, акциялары қайта қымбаттауы ғажап емес.

Altyngold (Алтын өндіру)

Былтыр аталмыш компания күткендегіден де көп, яғни рекордтық 53 мың унция алтын өндірді. Қазір әлемде алтын бағасы өте жоғары, оның үстіне компания жаңа кен орындарын ашып, зауытын кеңейтпек. Бұл табысты одан әрі еселей түседі. Тәуекелдерге келсек, әлемдік нарықта алтын бағасының түсіп кетуі немесе доллардың теңгеге шаққандағы бағамының төмендеуі компанияға кері әсер етуі ықтимал. Өйткені олар алтынды доллармен сататындықтан, валютаның арзандауы таза табысты азайтуы мүмкін.

Өсу әлеуеті ең жоғары компаниялар

Сарапшылардың бағалауы бойынша, алдағы уақытта бірнеше компанияның акциялары ең көп табыс әкелуі мүмкін.

Олардың қатарында бірінші орында өсу әлеуеті 57 пайызды құрайтын KEGOC тұр. Бұған табысының тұрақты өсуі және нарықтағы бағасының нақты құнынан әлі де төмен бағалануы себеп болып отыр.

Екінші орында 37 пайыздық әлеуетпен Altyngold компаниясы орналасқан. Оның өсуіне алтын бағасының жоғары болуы, өндірістің толық қуатына шығуы және болашақтағы жаңа жобалары ықпал етеді.

Үшінші орында өсу мүмкіндігі 18 пайыз деп бағаланған Халық банкі (HSBK) тұр. Бұл қаржы ұйымының кірісі тұрақты өсіп жатыр, акционерлерге жоғары дивиденд төлейді және акциялары әлі де арзан бағаланып тұр.

Еске сала кетейік, Kursiv Media отандық компаниялардың акция бағалары жыл басынан бері қалай өзгергенін талдап көрді.