
Кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін «Даму» қоры 2025 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін көмек көрсетті. Бұл туралы қор өкілдері Kursiv.Media басылымына хабарлады.
«Даму» қоры 2025 жылы кәсіпкерлерге 2,2 трлн теңгеге дейін көмек берді. Салыстырар болсақ, 2024 жылы бизнес өкілдерін қолдауға 1,7 трлн теңге бөлінген. Қаржылай демеу бір жылдың ішінде шамамен 28%-ға дейін артқан.
Қор кәсіпкерлерді демеудің үш негізгі құралын пайдаланып отыр. Олар:
- субсидия арқылы кәсіпкерлер несиесінің пайызын төмендету;
- кепілдік беру;
- кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру.
Айта кетейік, «Даму» жеңілдігі бар несиені екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы береді. Бұл ретте қаржы ұйымдары несиені қор белгілеген шарттар негізінде жүзеге асырады.
«Даму» қоры 1997 жылы құрылды. Сол кезде ол «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» деп аталатын. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі.
Қорды құрудағы негізгі мақсат – елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау. Осы мақсат аясында «Даму» отандық бизнес субъектілеріне қаржылық көмек (субсидия, несиелерге кепіл болу, кредит) береді. Бұған қоса, азаматтарға кәсіп ашудың қыр-сырын түсіндіреді.