«Даму» қоры кәсіпкерлерге кредит беруді 2025 жылы екі есе азайтты

Жарияланды 4 Маусым 2026 13:19

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
"Даму" қоры ең ірі мегаполис - Алматы қаласы кәсіпкерлерін қолдауды доғарды / фото: Damu
Қор кәсіпкерлерге тікелей ақша беруді азайтып, қаражаттың көп бөлігін банктерге салды / фото: Damu

Кезінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған «Даму» қоры 2025 жылдың қорытындысы бойынша қаржы есебін жариялады. Құжатқа сәйкес, былтыр қордың кәсіпкерлерге тікелей кредитінің көлемі күрт қысқарған.

Кредит екі есе аз

Қазақстан қор биржасында (KASE) жариялаған қаржы есебіне қарағанда, «Даму» қорының клиенттерге берілген кредиттері мен аванстары жылдан жылға азайып барады.

  • 2024 жылғы 1 қаңтарда: 1,2 млрд теңге;
  • 2024 жылғы 31 желтоқсанда: 669 млн теңге;
  • 2025 жылғы 31 желтоқсанда: 296 млн теңге.

Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, қордың кәсіпкерлерге тікелей бағытталған несие көлемі бір жылда 2,25 есеге қысқарған. Бұған қоса, қордың субсидиялау бағдарламалары бойынша міндеттемелері де екі есеге жуық азайып, 10,9 млрд-тан 6,36 млрд теңгеге дейін түскен.

Пайда неге аз

Қордың пайыздық кірістері (58,4 млрд) мен комиссиялық түсімдері (51,7 млрд) өскенімен, 2025 жылғы таза пайдасы айтарлықтай азайған:

  • 2024 жылғы таза пайда: 26,3 млрд теңге;
  • 2025 жылғы таза пайда: 18,4 млрд теңге.

Оның үстіне «Дамудың» пайдаға салынатын салық шығыны 5,7 млрд-тан 14,5 млрд теңгеге дейін күрт артты.

Дивиденд

Несие берудің азаюы мен таза пайданың төмендеуіне қарамастан, қордың жалпы меншікті капиталы 188,7 млрд-тан 227,1 млрд теңгеге дейін өсті. Қор акционерінің жаңа акциялар шығару арқылы капиталға 65,4 млр теңге көлемінде жиынтық жарна құюы өсім берген.

«Даму» қоры өз акционеріне ірі көлемде дивиденд төлеп келеді. 2025 жылы 16,8 млрд теңге көлемінде дивиденд аударылды. Салыстырар болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27 млрд теңге болған.

Ақша қайда

Есепке сәйкес, қор операциялық қызметтен тапқан нақты қаражатын кәсіпкерлерге несие ретінде үлестірудің орнына, екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы институттарына орналастыруды жөн көрген. Осы мақсатқа 219,5 млрд теңге жұмсалған.

Кейінгі жылдары «Дамудың» бизнес-моделі өзгерді. Қор тікелей несие беруді азайтып, негізінен кепіл болу, субсидия және банктер арқылы қаржыландыру механизміне көшті. Қысқаша айтқанда, қор ақшасының көп бөлігі кәсіпкерлерге емес, банктерге «жұмыс істеуге» кеткен.

Қаржы есебі 2026 жылғы 6 наурызда бекітілген.

Қор мақсаты және акционері

«Даму» қоры 1997 жылы құрылды. Сол кезде ол «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» деп аталатын. Жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингі.

Қорды құрудағы негізгі мақсат – елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау. Осы мақсат аясында «Даму» отандық бизнес субъектілеріне қаржылық көмек (субсидия, несиелерге кепіл болу, кредит) береді. Бұған қоса, азаматтарға кәсіп ашудың қыр-сырын түсіндіреді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы көктемде «Даму» қоры Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді қолдауды шектеген. Мұны қор басшылығы қаржы мекемелеріне «қаржы тапшылығымен» түсіндірген.

Сондай-ақ оқыңыз