Кіргеннен шыққаны көп: қазақстандықтар қай елге миллиардтап ақша жібереді

Жарияланды 4 Маусым 2026 07:30

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Шетелге және шет елден ақша аударымдары / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Kursiv Media зерттеуінше, қазақстандықтар шетелден ақша алғаннан гөрі, өзге елдерге қаражатты әлдеқайда көп жібереді. Бұл – Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚҰБ) 2026 жылғы сәуір айындағы ресми мәліметіне негізделген қорытынды.

Сандарға сүйенсек, сыртқа кеткен қаражат көлемі бізге кірген ақшадан үш есеге жуық көп. Бұл миллиондардың қайда кетіп, қайдан келіп жатқанын қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік.

Ақша аударымдары
2026 жылғы сәуір айындағы көрсеткіштер
ШЕТЕЛДЕН АЛЫНҒАН АҚША АУДАРЫМДАРЫ
Ресей
3 833 млн тг
АҚШ
2 724 млн тг
Түркия
2 082 млн тг
Өзбекстан
1 643 млн тг
Германия
1 338 млн тг
Корея Республикасы
722 млн тг
Қырғызстан
596 млн тг
ШЕТЕЛГЕ ЖІБЕРІЛГЕН АҚША АУДАРЫМДАРЫ
Ресей
20 939 млн тг
Өзбекстан
13 047 млн тг
Түркия
9 132 млн тг
Грузия
3 802 млн тг
Қырғызстан
1 753 млн тг
Әзірбайжан
1 330 млн тг
Қытай
1 228 млн тг
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Шетелден келген ақша: мұхиттың арғы жағынан кімдер ақша жібереді?

Елімізге келіп жатқан қаражат көлемі бір қарағанда аз емес. Сәуір айында шетелден Қазақстанға жалпы сомасы 16,2 млрд теңгеден астам қаражат аударылған. Мұнда көшбасшы позицияны әдеттегідей Ресей бастап тұр. Ол жақтан бір айдың ішінде 3,8 млрд теңге келген.

Алайда тізімдегі ең қызықты жайт – екінші орынға АҚШ-тың жайғасуы. Мұхиттың арғы жағынан қазақстандықтарға 2,7 млрд теңге аударылыпты. Бұл шетелде оқып немесе жұмыс істеп жатқандардың елдегі жақындарына жіберген сәлемдемесі болуы әбден мүмкін. Үштікті 2 млрд теңгемен Түркия түйіндеп тұр. Сондай-ақ бізге ақша жіберетін елдердің қатарында Өзбекстан, Германия, Оңтүстік Корея және Қырғызстан бар. Бір қызығы, Еуропадан (Германия) келетін аударымдардың өзі 1,3 млрд теңгеден асады.

Шетелге жіберілген ақша: қаражат қайда ағылып жатыр?

Біздің отандастарымыз бір ғана сәуір айының ішінде шетелге 55 млрд теңгеге жуық ақша жөнелткен. Ақшаның басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 21 млрд теңгеге жуығы Ресейге кеткен.

Екінші орындағы Өзбекстанға да қомақты сома – 13 млрд теңге аударылған. Мұны көршілес елдермен арадағы тығыз сауда-саттық байланыстармен және еңбек мигранттарының елдеріне жіберген қаражатымен оңай түсіндіруге болады.

Үшінші орында курорттық және сауда орталығы саналатын Түркия (9,1 млрд теңге) тұр. Одан кейінгі орындарда Грузия (3,8 млрд теңге) мен Қырғызстан (1,7 млрд теңге) жайғасқан. Тіпті тізімнің соңында Әзербайжан мен Қытайға да миллиардтан астам теңге жіберілгенін байқауға болады. Қысқаша айтқанда, Қазақстан ақша қабылдаудан гөрі, өзге елдерге жіберу жағынан әлдеқайда белсенді болып тұр.

Еске сала кетейік, Қаржы министрлігі ел ішіндегі күдікті аударымдарды көп қабылдаған азаматтарға арнайы ескерту хабарламалары жібере бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз