Айнұр Ілиясова «бұрынғы жігітін» қалыңдық көйлегімен қарсы алып таңғалдырды

Жарияланды 5 Маусым 2026 12:27

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
фото: Instagram
фото: Instagram

Актриса, продюсер Айнұр Ілиясова «бұрынғы жігітін» қалыңдық көйлегімен қарсы алып таңғалдырды. Олардың шаңырақ көтергеніне он жыл болған.

Ол күйеуін «бұрынғы жігітім» деп атап, фитнес білезік сыйлағанын көрсетті.

«Кеше қызық бір нәрсе болды. Той көйлегімді шкафтан шығарып, киіп көрдім. Құдайға шүкір, әлі де шақ екен. Сол сәтте бәріміз қуанып кеттік. Әсіресе қыздарым мәз болды. Олар әкелеріне: «Көзіңізді жұмыңызшы, мама сізге тосынсый жасайды» деп, кішкентай құпияларын ұйымдастырып жүр. Бірі видеоға түсіріп, бірі бағыт беріп, бәрі абыр-сабыр», – деді актриса.

Айтуынша, онжылдықтарында той көйлегін киіп, күйеуінің алдына шыққан. Алғашында актрисаның жары не болып жатқанын түсінбей қалған. Сосын жүзі өзгеріп, күлімдеп, қуанып кетіпті.

«Сол сәтте уақыт бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Суретке түстік, күлдік, өткен күндерді еске алдық. Осы он жылдың ішінде көп нәрсе болды. Үш қызымыз дүниеге келді. Қуанған күндеріміз де, қиналған сәттеріміз де болды. Отбасы болған соң бәрі болады екен», – деп түйіндеді Айнұр Ілиясова.

Актриса өткен күндерді есіне алып, шүкіршілік білдірді. Амандық болса, қалған қиындықтардың бәрін бірге еңсеруге болатынын алға тартты.

«Жаным, осы он жыл үшін рақмет. Біз әлі де бір жолдың жолаушысымыз. Алда да бірге күлетін, бірге армандайтын, бірге өтетін талай белес бар деп сенемін», – деп жарына сезімін білдірді актриса.

Айта кететін жайт, Айнұр Ілиясова күйеуінің нағыз «жұрттың байы» екенін айтып, қолынан келмейтін нәрсе жоқ, шебер деп мақтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз