
Алматыдағы Ботаникалық бақта пикник ұйымдастыруға тыйым салынған. Бақ әкімшілігі мұның себебін түсіндірді.
Ботаникалық бақ республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие. Сондықтан мұнда арнайы ережелер сақталуға тиіс.
Оның ішінде өсімдіктерді, гүлдерді жұлуға болмайды. Бақтағы өсімдіктердің көпшілігі ғылыми коллекциялық қордың құрамына кіреді. Сол себепті тек арнайы жабдықталған жолдармен және соқпақтармен жүру қажет, көгал үстімен жүруге болмайды.
«Пикник ұйымдастыруға болмайды. Бұл артық қоқыстың жиналуына жол бермеуге, көгалдар мен өсімдік отырғызылымдарын зақымдамауға, сондай-ақ тағам иісі мен қалдықтары арқылы кеміргіштерді тартпауға көмектеседі», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ аққулар мен балықтарды тамақтандыруға болмайды, өйткені олардың азық рационын арнайы мамандар таңдаған. Сол себепті артық тағам мен суға түскен қоқыс аққулардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Айта кетейік, Алматыда жаз бойы SUMMER FEST фестивалі өтеді.