
Ресейлік танымал рэп орындаушы Моргенштерн (шын есімі – Алишер Валеев) иудаизм дінін ресми түрде қабылдады.
Желіде әртістің еврейлердің дәстүрлі биі «хораны» билеп жүрген видеосы тарады. Бейнежазбада жиналған қауымның маңызды оқиғалар мен мерекелерде айтылатын «Мазаль тов!» (құтты болсын) деген тілектерін естуге болады.
Мәліметтерге сүйенсек, музыкант гиюр рәсімінен өткен. Бұл тегі еврей емес адамдардың иудаизм дініне өтуіне арналған арнайы діни процесс. Осы рәсім аяқталғаннан кейін, адам еврей қауымдастығының толыққанды мүшесі атанып, Тәурат (Тора) парыздарын орындауды өз міндетіне алады.
Дінді қабылдаумен қатар, рэпер есімін де өзгертті. Енді ол Алишер Валеев емес, оның есімі Исраэль Йегуда Моргенштерн.
Еске сала кетейік, бұған дейін Моргенштерннің Қазақстанда жоспарланған концерттері өтпей қалған еді.