Экономика

Декретке миллионмен шығу үшін заңсыздыққа барған 17 мың адамның қаншасы сотталды

декреттік
Декреттік төлемге қатысты келген шығын көлемі аталды/ Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елде 17 мыңнан аса әйел бірнеше жерде жұмыс істеймін деп көрсетіп, жүктілік және босану кезінде мемлекеттен 28,6 млрд теңге алған. Ішінде 42 жерде жұмыс істеймін деп көрсеткендер де бар. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ айтты.

Сөзінше, Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру барысында жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемнің шектік мерзімі бекітілгенге дейін мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорына 67 млрд теңге шығын келген.

«Іріктемелі аудит нәтижесінде 17 мың адамның жүктілік және босану бойынша төлемдерін негізсіз ұлғайту мақсатында 42 жұмыс орнына дейін жалған жұмысқа орналасу фактілері анықталған. Мұндай азаматтарға төленген әлеуметтік төлемнің жалпы көлемі – 28,6 млрд теңге. Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тоқтату немесе тоқтата тұру тетігі болмауы салдарынан мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорына 28,3 млрд теңге экономикалық шығын келген», – деді Үнзила Шапақ.

Депутат еңбек министрлігінен 17 мың деректің ішінде қанша іс сотқа жеткенін, қанша адамның жауапқа тартылғанын сұрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың айтуынша, 13 өңірде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды.

«Барлық іс құқық қорғау органдарына берілді. Қазір бұл істер бойынша мыңнан астам әйел сотқа тартылған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі – 3 млрд теңге. Осы заңсыз схемаларды іс жүзінде ұйымдастырғандарға қатысты 9 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты», – дейді Шегай.

Айта кетейік, Еңбек министрлігі 2025 жылы «декретке миллионмен» шығу мүмкіндігін алып тастады. Яғни, жүктілік пен босануға, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу ережелеріне өзгерістер енгізілді.