
Ерлан Құлмурзиннің отандық деректі фильмде Шоқан Уәлиханов рөліне бекітілуі әлеуметтік желілерде пікір-талас туғызды. Бір топ 28 жастағы актерді жақтаса, екінші жақ оны ірі тұлғаға ұқсата алмады. Бұл уақытта шулы фильм Бұхара қаласында түсіріліп жатыр.
«Жұлдызды топқа» риза емес
Ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильмді танымал тележүргізуші әрі продюсер Майя Бекбаева түсіріп жатыр. Қазір түсіру тобы Өзбекстанда жүр. Шоқанның Қашқарияға сапары Бұхара қаласында түсіріле бастады.
Оның қарсаңында Бекбаева кастинг нәтижесін жариялаған. Ол Шоқан рөліне жас актер Ерлан Құлмурзинді бекітіп, суреттерін әлеуметтік желіге жүктеді. Продюсердің айтуынша, Шыңғыс Уәлиханов рөлін танымал актер Бақтияр Қожа сомдаса, Шоқанның әжесі Айғаным рөліне Меруерт Өтекешова бекітілді. Салтанат Бақаева болса анасы Зейнеп рөлінде ойнайды. Жас Шоқан рөліне Әбілмансұр Оралбаев таңдап алынған.
Продюсер кастинг нәтижесіне риза болып, «жұлдызды топ» жасақтағанын мәлімдеп үлгерді. Алайда енді ғана түсіріле бастаған фильмнің актерлер құрамына сын айтушылар жетерлік. Көпшілік әсіресе Шоқан рөлін сомдайтын Құлмурзинді атақты тұлғаға ұқсата алар емес.

«Шоқанның атқосшысы»
Сын айтушылар арасында әлеуметтік желі белсендісі Ботагөз Доскен (Бота Дн) де бар. Бұған дейін ол Алматы қаласындағы Розыбакиев көшесіне жазушы Мұхтар Мағауин атын беруді ұсынған. Осы жолы блогер Шоқан рөлін сомдайтын актерді сынады.
«Шоқанда туа біткен хан ұлына сай бекзат болмыс, өр мінезіне сай сымбат бар еді. Өткір, әрі ойлы көздері оның ерекше зеректігі мен терең білімінің , парасатының , жүрегінің отының айнасы болатын. Шоқан ешкімнің алдына басын имеген асау, тәкәппар болған. Өз бағасын жақсы білген.
Мына актердің көзі жасаурап, мінезі ұяң, табиғаты жуас, қарапайым шаруаның баласындай екен. Шоқанның атқосшысы десе болады. Ақсүйектің белгісі жоқ», – деп жазды Бота Дн Facebook әлеуметтік желісіне.

Көршілік Құлмурзинді әсіре бұған дейін Шоқан рөліне түскен Сағи Әшімов, Нұрмұхан Жантөрин сынды танымал актерлермен салыстырды.
Жастар жағы Ерланды қолдап, оған қолдау көрсетіп жатыр. Бұған дейін Құлмурзин «Сәлем, Еуропа!», «Қара қыз» фильмдеріне түскен.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835–1865) – ұлы қазақ ғалымы, зерттеуші, саяхатшы, тарихшы және этнограф. Ірі тұлғаның өмірбаяны туралы көркем фильмдер 1984 және 1957 жылдары түсірілген.