Экономика

Үкімет 5 айда салық түсімдерін толық жинады

Республикалық бюджет / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның мемлекеттік қазынасына 9,24 трлн теңге жиналды. Жалпы жоспар 99,3 пайызға орындалып, діттеген межеге сәл жетпей қалды.

Салықтан қанша түсті?

Бюджеттің ең үлкен тірегі – салық. Маусым айына дейін салықтық түсімдер 7,24 трлн теңге болды. Бұл жоспардан 100,5 пайызға асып түскен көрсеткіш.

Бірақ ішкі нақты сектордағы бизнес төлейтін негізгі салықтар жоспарды орындай алмағанын көрдік. Оның орнын пайдалы қазбаларды өндіру салығы мен кедендік төлемдер жауып кетті. Яғни, қазынаны шикізат секторы сүйреп тұр.

Салыққа жатпайтын табыстар ше?

Мемлекет тек салықтан емес, өз меншігінен де табыс табады. Салықтық емес түсімдер 166,2 млрд теңгені құрады. Бұл бағыттағы жоспар 120 пайызға асыра орындалды.

Бұл қаражаттың ішіне мемлекеттік мүлікті жалға беруден, банк шоттарындағы сыйақылардан және мемлекеттік акциялардың дивидендтерінен түскен ақша кіреді. Алайда оның жалпы бюджеттегі үлесі өте аз, сондықтан экономикаға айтарлықтай үлкен әсер ете алмайды.

Капитал сату қалай жүрді?

Негізгі капиталды сатудан түсетін кіріс жоспардан едәуір қалып қойды. Қазынаға бұл бағыттан небәрі 336,6 млн теңге түсті. Орындалу көрсеткіші 67 пайыз ғана.

Бұл негізінен мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар сату арқылы түскен ақша. Жоспардың толық орындалмауы мемлекеттік активтерді сату процестерінің баяу жүріп жатқанын аңғартады.

Ұлттық қордан қанша ақша алынды?

Екінші ең үлкен кіріс көзі – трансферттер. Осы санат бойынша бюджетке 1,86 трлн теңге құйылды. Мұның ішіндегі ең үлкен үлес Ұлттық қорға тиесілі. Ал оның орындалы төмен, яғни – 89,7 пайыз.

Бес айдың ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдік берілген трансферт ретінде 1,4 трлн теңге алынды. Жоспар бойынша 1,56 трлн теңге алу көзделген.

Айта кетейік, ЖАП басшысы үкіметтің республикалық бюджет атқарылуын сынады