
«Самұрық-Қазына» қоры тарихындағы ең қымбат акцияларын орналастыруды жоспарлап отыр. Әр данасы 22,5 млрд теңгеден 31 акция шығарып, оны жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі басым құқықпен сатып алады.
Үкімет бұл соманы қолма-қол ақшамен емес, мемлекеттік мүлікті қордың теңгеріміне өткізу арқылы төлемек. Сарапшы Арман Батаевтың пайымдауынша, осы миллиардтардың артында жақында ғана қожайындары ауысқан тау-кен алыбы – ERG (Еуразиялық топ) компаниясындағы 40%-дық үлес тұруы мүмкін.
Ресми ақпарат не дейді?
Ресми мәлімдемеге сүйенсек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесі 2026 жылғы 29 мамырда жаңа корпоративтік шешім қабылдаған. Қор мемлекеттік (республикалық) мүлікті өз теңгеріміне қабылдау үшін жаңа акцияларын орналастырмақ.
Қор әрқайсысы 22,5 млрд теңге болатын 31 дана жай акция шығарады. Осылайша, акциялардың жалпы құны 697,7 млрд теңгені (шамамен 1,4 миллиард АҚШ доллары) құрап отыр.
Басым құқыққа ие жалғыз акционер акцияларды ақшамен емес, ірі мемлекеттік мүлікті қордың жарғылық капиталына беру арқылы сатып алады.
Үкімет қорға не бермек?
Мемлекеттің қор капиталына құны 1,4 миллиард доллар болатын нақты қандай активті өткізетіні ресми ақпаратта ашып айтылмады. Осыған байланысты экономист Арман Батаев:
«Үкімет «Самұрық-Қазынаның» жарғылық капиталына 1,4 млрд долларға жай ғана қойма немесе гараж бере салмайтыны анық. Осыншама қомақты соманы көргенде, бірінші кезекте ойға келетіні – қазіргі уақытта ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меншігінде тұрған ERG (Eurasian Resources Group) компаниясының 40% акциясы болуы мүмкін», – деп тұжырымдайды.
Мұндай болжам жасауға ERG төңірегіндегі соңғы ірі өзгерістер де негіз болып отыр. Өткен айда ғана белгілі бизнесмен Шахмұрат Мутәліп Патох Шодиев (18,6%) пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен (20,7%) ERG-дің 39,3% акциясын сатып алған.
Енді, сарапшының пікірінше, мемлекет өзіне тиесілі қалған 40% үлесті басқаруды жеңілдету және тиімділігін арттыру үшін оны тікелей «Самұрық-Қазына» қорының құрамына өткізуі әбден мүмкін.