Экономика

Доллар 525 теңге: алдағы үш жылда ұлттық валюта бағамы қандай болмақ

Фото: kursiv.media архиві

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасына қатысты жаңа болжамын жариялады. Сарапшылардың мәліметінше, алдағы үш жылда елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) жыл сайын 5,5%-ға өседі. Ал АҚШ долларының орташа жылдық бағамы біртіндеп: 2026 жылы – 490 теңге, 2027 жылы – 505 теңге, ал 2028 жылы 525 теңге болуы мүмкін.

Экономиканың тұрақты өсуіне ішкі өндіріс пен белсенді инвестициялар ықпал етеді. Қазір елде құны 1,7 трлн теңге болатын 200 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Инфрақұрылымдық даму жоспары құрылыс пен көлік салаларын жандандырса, ішкі сұраныс сауда мен өңдеу өнеркәсібін алға сүйрейді.

Сондай-ақ әлемде мұнай бағасының жоғары болуы экспорттан түсетін кірісті арттырады. Осы оң үрдістер аясында Ұлттық банк те өз бағалауын жақсартып, биылғы экономикалық өсімді 4,5-5,5% шегінде күтетінін мәлімдеген.

Орта мерзімді кезеңге арналған негізгі макрокөрсеткіштер болжамы:

Көрсеткіштер2026 жыл2027 жыл2028 жыл
ЖІӨ өсімі, %5,55,55,5
Доллар бағамы, теңге490505525
Инфляция, %9,76,25,0
Базалық мөлшерлеме, %17,312,79,1

Экономикалық белсенділікпен қатар елдегі баға өсімі де біртіндеп бәсеңдейді. Мамыр айында инфляция 10,4%-ға төмендеген соң, Ұлттық банк маусымның басында базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға түсірді.

ЕАДБ сарапшылары бұл көрсеткіш жыл соңына қарай 16%-ға дейін төмендеп, ал алдағы жылдары орташа есеппен 9,1%-ға дейін азаяды деп есептейді.

Дегенмен ішкі нарықтағы бағаларды ырықтандыру мен әлемдік азық-түлік бағасының құбылуы сияқты инфляциялық тәуекелдер әлі де бар.

Соған қарамастан қалыптасқан қатаң ақша-кредит шарттары теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қорғап, инфляцияны 2028 жылға қарай мақсатты 5% деңгейіне жеткізуге мүмкіндік бермек.