
Қазақ операсының жарық жұлдызы Әйгерім Алтынбек 15 маусымда әйгілі Teatro alla Scala сахнасына тағы көтерілді. Бұл жолы ол белгілі баритон Ақылбек Пиязовпен бірге дуэт орындады.
Италияның Милан қаласында La Scala сахнасында дүйсенбі күні әріптес досымен бірге ән шырқағанын Әйгерім Алтынбек Instagram-дағы парағына жазды.
«Бүгін мен Teatro alla Scala өнер көрсеттім. Қуанышты кешті досым Ақылбек Пиязовпен бірге өткізгеніме қатты қуаныштымын», – дейді опера жұлдызы.
Әйгерім мен Ақылбек талғамы жоғары көрермен алдында Сильвио мен Недданың махаббат дуэтін шырқаған.
«Осындай әрбір қуанышты сәттердің артында ерен еңбек, тәртіп, мақсатқа жету жолындағы күдік пен сенім тұрады. Сахнаға көтерілген уақытта маңдай тер ақталғанын түсінесің«, – деп есептейді ол.
Әйгерім Алтынбек «Ла Скала» театры сахнасына алғаш рет көтерілген жоқ. Бұған дейін ол бүкіл әлем бойынша жүздеген үміткер қатысқан іріктеуден сүрінбей өтіп, театр академиясына тәжірибеден өтуге қабылданған.
Ал әйгілі сахнадағы алғашқы дебюті 2025 жылғы 1 желтоқсанда өткен. Сол кезде ол италиялық композитор Сильвия Коласантидің «Анна А.» операсында бірден екі бірдей жауапты партияны сәтті орындап шыққан.
Осы биікке тағы бір мәрте көтерілуі Әйгерімнің La Scala сахнасын бағындырғанын, жоғары деңгейде тұрақты өнер көрсетіп жүргенін білдіреді.