
Қазақстанда цифрлық теңгенің айналымы биыл 1 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Ұлттық банк мемлекеттік қаржы жүйесінде жаңа форматтағы ақшаны кеңінен қолдануға кірісті.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы саласында пайдалану үшін үкіметпен бірге арнайы жол картасы бекітілген. Қазірдің өзінде айналымға шамамен 340 млрд цифрлық теңге шығарылған.
«Биыл мемлекеттік қаржы саласында цифрлық теңгені пайдалануды кеңейтеміз. Үкіметпен бірлесіп тиісті жол картасы бекітілді. Цифрлық теңгенің айналымын 1 трлн теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Сүлейменов Сенаттың пленарлық отырысында.
Цифрлық теңге ең алдымен бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырылып отыр. Яғни мемлекет бөлген ақшаның қайда кеткенін, қандай мақсатқа жұмсалғанын нақтырақ қадағалау көзделеді.
Айта кетейік, бас банк технология секторына Ұлттық қордан 1 млрд доллар қаржы салатынын мәлімдеген болатын.