
Әлеуметтік желіде танымал әнші Төреғали Төреәлінің футбол матчындағы өнер көрсетуі қызу талқыланып, үлкен дауға ұласты. Алматының Орталық стадионында өткен «Қайрат» пен «Қызылжар» кездесуінің үзілісінде алаңға шыққан өнерпаздың қылығы жанкүйерлер мен желі қолданушыларының ашуын туғызды.
Ойын тамашалауға келген көрермендердің сөзінше, «Ұлы дала баласы» жасыл алаңда өзін біртүрлі ұстаған. Ән айту барысында қозғалысы үйлеспей, тіпті қолындағы микрофонын құлатып алған. Оның үстіне, әншінің жанды дауыста емес, фонограмамен ауыз жыбырлатып тұрғаны да байқалып қалған. Дәл осы сәт түсірілген видеолар желіде лезде тарап кетті.
Желі қолданушыларының пікірі
Көрермендер мен желі белсенділері Төреғалидің бұл әрекетіне қатысты түрлі болжамдар жасап, пікірлерін жаудырып жатыр. Олардың басым бөлігі әншіні қатты сынға алды.
«Ұлы дала баласы осылай болса, басқамыз не болдық?! Осыған бір запрет қоятын уақыт келді-ау», «Мә, мынауың еще фонограмма ғой. Көз жұмулы, өзімен-өзі. Масқара» – деп жазды ренішін білдірген жұрт.
Дегенмен қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, сүйікті әншісін арашалап қалуға тырысқандар да табылды.
«Бір қолайсыз жағдайдан осылай болып шыққан шығар! Өмірде көргендер болса білер, өте жақсы кісі. Әнші деген аты болса, пенде емес деген сөз жоқ. Адам болған соң түрлі жағдай болады өмірде», – деп қорғап жатқандар да бар.
View on Threads
Айта кетейік, бұл Төреғали Төреәлінің қатысуымен болып жатқан алғашқы шулы оқиға емес. 2023 жылы әнші есірткі шегіп, мас күйінде көлік жүргізгені үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Оған қоса, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.
Сондай-ақ Төреғали Төреәлі футболшы Дастан Сәтбаевқа арнап, жаңа ән шығарды. Дәл осы ойында жаңа әннің тұсауын да кескен еді.