Спорт

Назым Қызайбай Қытайдағы бокс әлем кубогінде алтын алды

Назым Қызайбай / фото: ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті

Қазақстандық боксшы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Қытайда өтіп жатқан бокс бойынша Әлем кубогінің екінші кезеңінде топ жарды. Финалда ол Италия өкілі Сирине Чараабимен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Бұл туралы ҚР спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

54 келіге дейінгі салмақта өткен финалдық кездесуде Қызайбай қарсыласын 4:1 есебімен ұтты. Осылайша Назым Қызайбай алтын медаль иеленсе, италиялық боксшы турнирді күміспен аяқтады.

32 жастағы Назым Қызайбай Қазақстандағы ең титулды әйел боксшы саналады. Оның еншісінде әлем чемпионаттарының бес медалі бар. Соның үшеуі – алтын. Бұған қоса, ол 2024 жылы Париж Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алған.

Қызайбай – Қазақстан боксы тарихында әлем чемпионатын үш рет ұтқан жалғыз спортшы.

Айта кетерлігі, бұл жолы Назым әдеттегіден ауырлау салмақта, яғни 54 келіге дейінгі дәрежеде өнер көрсетті. Турнирдің алғашқы кезеңінде ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Оңтүстік Корея өкілі Им Э Джиді айқын басымдықпен жеңген еді.

Ал финалдағы қарсыласы Сирине Чарааби бұған дейін әлем чемпионатында күміс және қола медаль алған. Ол 2023 жылы күміс, 2025 жылы қола жүлдегер атанған.

Бұған дейін Назым Қызайбай Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогі кезеңінің жартылай финалына шығып, Қазақстан құрамасына кемінде қола медаль кепілдеген еді.